Орталық Азия елдерінің ішінде тек Қазақстан ғана Иранның Парсы шығанағы мемлекеттерінің азаматтық инфрақұрылымына жасаған шабуылын айыптап, бұл елдерге қолдау білдірді. Бұл ұстаным мемлекет басшысы деңгейінде жария етілді, деп хабарлайды SHYNDYK.KZ.
Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам Қазақстанның араб елдеріне қатысты ұстанымының дәйектілігін және ядролық қаруды таратпау режиміне адалдығын көрсетеді. Қасым-Жомарт Тоқаев араб мемлекеттері басшыларымен телефон арқылы сөйлесіп, хат алмасу барысында Қазақстан барлық халықаралық қақтығыстарды саяси-дипломатиялық тетіктер арқылы шешу қажет деген позицияны нық ұстанатынын атап өтті.
Сонымен қатар мемлекет басшысы АҚШ пен Израильдің әскери әрекеттеріне қатысты ашық айыптау мәлімдемесін жасаған жоқ. Сарапшылар мұны Астананың Вашингтонмен көпвекторлы ынтымақтастықты жалғастыру ниетімен байланыстырады.
Бұдан бөлек, Қазақстан Еуразия кеңістігінде Авраам келісімдеріне қосылу туралы шешімін жариялаған алғашқы мемлекет атанды. Аталған келісімдерге Иран қарсы екенін мәлімдеген болатын.