Жаңалықтар

Әзірбайжандағы Нахичевань әуежайына шабуыл жасалды: Әлиев Иранға қарсы операцияға қатыспайтынын айтты

Әзербайжанның Нахичевань автономиялық республикасында орналасқан әуежайға дрондармен шабуыл жасалып, бірнеше адам жарақат алды.

5 наурыз күні белгісіз ұшқышсыз аппараттар Нахичевань қаласындағы халықаралық әуежай аумағына соққы берген. Дрондардың бірі әуежай терминалына түссе, тағы бірі жақын маңдағы ауылдағы мектеп маңына құлаған. Соның салдарынан кемінде екі бейбіт тұрғын жараланып, инфрақұрылымға зақым келген. 

Әзербайжан билігі дрондар Иран аумағынан ұшырылған деп мәлімдеп, Тегераннан ресми түсініктеме талап етті. Осы оқиғаға байланысты Бакуге Иран елшісі шақырылып, наразылық нотасы тапсырылған. 

Оқиғаға байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Нахичеваньдағы шабуылды қатаң айыптады. Ақорданың ұстанымын президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров жариялады.

Қазақстан президенті Әзербайжанды Қазақстан үшін бауырлас әрі стратегиялық серіктес мемлекет екенін атап өтіп, бұл жағдайға алаңдаушылық білдірді. Сонымен бірге ол оқиғаны Иранмен бірлесіп мұқият тергеуге және жағдайды дипломатиялық жолмен реттеуге үміт артатынын айтты.

Ал Ильхам Алиев шабуылдан кейін Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізді. Әзербайжан басшысы бұл әрекетті «лас әрі қорқақ соққы» деп атап, кінәлілер жауапқа тартылуы тиіс екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар Баку Ираннан ресми түсініктеме мен кешірім күтетінін жеткізді. Елдің қарулы күштері жоғары дайындық режиміне көшірілген.

Дегенмен Алиев Әзербайжан Иранға қарсы әскери операцияларға қатыспайтынын және өз аумағын көрші елдерге қарсы шабуыл жасау үшін пайдалануға жол бермейтінін айтты.

Ал Иран тарапы бұл шабуылға қатысы барын жоққа шығарып, Әзербайжан олардың нысанасы емес екенін мәлімдеді.