Әйелдер арасындағы 2026 жылғы Азия кубогы аясында Иран құрамасы Оңтүстік Кореямен кездесер алдында күтпеген қадам жасады. Футболшылар алаңға сап түзеп шыққанымен, мемлекеттік әнұран шырқалғанда үнсіз тұрды.
Ойын Австралияның Квинсленд штатындағы Голд-Кост стадионында өтті. 28 мың көрерменге арналған аренада әнұран орындалып жатқанда, ирандық ойыншылар қолдарын артына қойып, ешқандай реакция білдірмей тұрды. Команданың бас бапкері Марзие Джафари мен жаттықтырушылар штабы да әнұранды айтпады.
Сарапшылар бұл әрекетті Ирандағы саяси жағдайдан алшақтау белгісі ретінде бағалап отыр. Алайда матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында ойыншылар да, бапкерлер де соғыс немесе елдегі саяси өзгерістер туралы пікір білдіруден бас тартты.
Кездесудің өзінде Оңтүстік Корея құрамасы айқын басымдық танытып, 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, турнирдегі басты мақсаттардың бірі – келесі жылы Бразилияда өтетін әйелдер арасындағы әлем чемпионатына жолдама алу. Ол үшін Иран құрамасы кемінде ширек финалға шығуы тиіс.