Тәуелсіз Қазақстанның толағай табыстары мен Сыр өңірінің бүгінгі жетістіктерінің барлығында әйелдер қауымының өз қолтаңбалары бар.
Аналарымыздың рухынан күш, ұлағатынан тәлім алған аруларымыз бүгінде экономикамыздың барлық саласында табысты еңбек етеді.
Облыс бойынша мемлекеттік қызметшілердің 45 пайызы, медицина қызметкерлерінің 88 пайызы, ұлағатты ұстаздардың 78 пайызы, жалпы бюджеттік саланың 62 пайызы, шағын және орта бизнесте еңбек ететіндердің 55 пайызы қыз-келіншектер.
Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне қосқан елеулі еңбектеріңіз үшін Сіздерге барша Сыр жұртшылығының атынан шынайы алғысымды, зор ризашылығымды білдіремін. Біз, ер-азаматтар Сіздерді жоғары бағалаймыз, құрметтеп, қадірлейміз. Нәзік жандарға деген біздің ықыласымыз, ниет-тілегіміз әрдайым ерекше.
Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген ардақты аналарымыз ел ертеңіне нәр, тіршілікке әр беріп келеді. Алдағы уақытта да ұлтымыздың баянды болашағы жолында аянбай еңбек ете берулеріңізге тілектеспін!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Аймақта 48 мыңнан астам көпбалалы отбасы болса, оның 17 мыңға жуығы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері. Алтын құрсақты аналар демографиялық ахуалды жақсартуға зор үлес қосып келеді. Өңірде отбасы институтын дамыту және аналарды әлеуметтік қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.