Сонымен қатар, жаһандық экономиканың баяулауына қарамастан, ЕАДБ-ға мүше жеті мемлекеттің жиынтық жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2026 жылы 3,5 триллион долларға жетеді деп күтілуде.
Негізгі қорытындылар
Орталық Азия қарқынды дамуда
2026 жылы өңір экономикасының өсімі 6,5 пайыздан асып, Орталық Азияның жиынтық экономикасы тарихта алғаш рет 600 миллиард долларлық межеден өтеді.
Өсу қарқыны бойынша көшбасшылар
ЕАДБ операциялық өңіріндегі ең жоғары экономикалық өсім мына елдерде күтіледі:
• Қырғызстан – 10,2%;
• Тәжікстан – 8,3%;
• Өзбекстан – 7,9%;
• Армения – 6,0%;
• Қазақстан – 5,5%;
Инфляция баяулайды
Өңірдегі инфляция деңгейі 2025 жылғы 6,5 пайыздан 2026 жылы 6,1 пайызға дейін төмендейді деп болжануда. Бұған орталық банктердің теңгерімді ақша-несие саясаты әсер етеді.
Әлемдік экономика
ЕАДБ сарапшыларының пікірінше, 2026 жылдың наурыз айынан бастап әлемдік экономикадағы жағдай күрт өзгерді. Парсы шығанағындағы шиеленістің күшеюі мұнай бағасының өсуіне, инфляцияның жеделдеуіне және жаһандық экономикалық белсенділіктің баяулауына алып келді.
Осыған байланысты:
• АҚШ экономикасының өсімі 1,7%-ға дейін баяулайды;
• Еуроаймақтың өсімі 0,9%-ды құрайды;
• Қытай экономикасы мемлекеттік қолдау мен жасанды интеллект саласындағы инвестициялар арқасында 4,6%-ға өседі.
Қазақстан экономикасы
ЕАДБ сарапшылары Қазақстан экономикасы 2026 жылы 5,5 пайызға өседі деп күтуде.
Өсімнің негізгі драйверлері:
• өңдеу өнеркәсібі;
• құрылыс саласы;
• көлік және логистика;
• сауда секторлары.
Инфляция жылдың соңына қарай 9,7 пайызға дейін төмендейді деп болжануда. Бұған қатаң ақша-несие саясаты, теңгенің нығаюы және тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы ықпал етеді.
Сарапшылардың болжамынша, 2026 жылы теңгенің орташа бағамы 1 доллар үшін 490 теңге деңгейінде қалыптасады. Ұлттық валютаны жоғары базалық мөлшерлеме мен мұнай бағасының қымбаттауы қолдайды.
Қырғызстан
Қырғызстан 2026 жылы да өңірдегі ең жоғары өсім көрсеткішін сақтап, экономикасы 10,2 пайызға ұлғаяды.
Бұған:
• өнеркәсіп пен энергетикаға инвестициялардың артуы;
• тұрғын үй құрылысының жандануы әсер етеді.
Алайда инфляция 11,5 пайызға дейін көтерілуі мүмкін. Бұл әлемдік азық-түлік пен шикізат бағасының қымбаттауымен байланысты.
Тәжікстан
Тәжікстан экономикасының өсімі 2026 жылы 8,3 пайыз деңгейінде болады деп күтілуде.
Экономиканы:
• ішкі тұтынудың жоғары болуы;
• инвестициялық белсенділіктің артуы қолдайды.
Инфляция Ұлттық банктің мақсатты дәлізінде сақталады. Ал сомонидің бағамы орта есеппен 1 доллар үшін 9,5 сомониге дейін нығаюы мүмкін.
Өзбекстан
Өзбекстан экономикасының өсімі 7,9 пайызға дейін жеделдейді деп болжануда.
Өсімге:
• ішкі сұраныстың жоғары болуы;
• инвестициялардың көбеюі;
өнеркәсіп пен құрылыс өндірісінің артуы ықпал етеді.
Инфляция біртіндеп төмендеп, Орталық банктің 5 пайыздық мақсатына жақындайды. Сарапшылардың бағалауынша, 2026 жылы ұлттық валюта бағамы орта есеппен 1 доллар үшін 12 200 сум шамасында болады.
Шетелдік инвестициялар мен еңбек мигранттарының ақша аударымдары өзбек сомын қолдаудың негізгі факторлары болмақ.