Жаңалықтар

Қазақстан Орталық Азиядағы ең көп ішімдік тұтынатын ел: зерттеу не дейді?

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алкогольді ең көп тұтынатын мемлекет болып танылды. World Population Review талдау порталы жан басына шаққандағы алкоголь тұтыну көлемі бойынша жаңартылған әлемдік рейтингті жариялады,— деп хабарлайды newsroom.kz

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Қазақстан көрші елдерді айтарлықтай артта қалдырып, өңірде бірінші орынға шықты.

Әлемдік рейтингте Қазақстан бір адамға шаққанда жылына 5,4 литр таза спирт тұтыну көрсеткішімен 83-орынға жайғасқан. Бұл көрсеткіш бойынша ел Камбоджа мен Зимбабвемен бір деңгейде тұр.

Орталық Азия мемлекеттері арасында Қазақстан көш бастап келеді:

• Қырғызстан – жылына 3,9 литр (әлемде 101-орын);

• Түрікменстан – 3 литр (119-орын);

• Өзбекстан – 2,1 литр (132-орын);

• Тәжікстан – 0,7 литр (154-орын).

Алкоголь тұтынудың ең төмен көрсеткіштері – жылына шамамен 0,1 литр – негізінен мұсылман елдерінде тіркелген. Олардың қатарында Кувейт, Иран, Сирия және Пәкістан бар.

Әлем бойынша алкогольді ең көп тұтынатын ел ретінде Румыния танылды. Бұл елде 15 жастан асқан әрбір тұрғынға шаққанда жылына 17,1 литр таза спирттен келеді.