Жаңалықтар

Биылғы жарты жылда Қазақстанда 1,5 млрд теңгеге тұтынушылар құқығы қорғалды

2026 жылдың алты айында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мен аумақтық департаменттері 47 мыңға жуық өтінішті қарады,— деп хабарлайды newsroom.kz

Ведомство мәліметінше, 15 мың тұтынушының талаптары қанағаттандырылған. Сондай-ақ 15,4 мың тұтынушыға консультациялар беріліп, құқықтық көмек көрсетілді. Ал 12 мың тұтынушының мәселелері бірлесіп пысықтау үшін құзыретіне сәйкес бейінді мемлекеттік органдарға жолданды.

«Өтініштер көбінесе бөлшек саудаға — 18,4 мың немесе 39,1%, электрондық саудаға — 9,7 мың немесе 20,6%, тұрмыстық қызметтерге — 4 мың немесе 8,6%, ТКШ-ға — 2,9 мың немесе 6,3%, сондай-ақ байланыс қызметтеріне — 1,1 мың немесе 2,4% қатысты», делінген ақпаратта.

Ең көп өтініш Алматы қаласының департаментіне — 9 064, Астана қаласының департаментіне — 6 221 және Шымкент қаласының департаментіне — 4 411 өтініш түсті.

Тұтынушылардың өтініштері негізінде аумақтық департаменттер кәсіпкерлік субъектілеріне 776 тексеру жүргізді, ал өткен жылдың ұқсас кезеңінде 618 тексеру жүргізілген.

«Тексеру нәтижелері бойынша 892 әкімшілік іс қозғалды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 17,3 млн теңгені құрады. Жүргізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша тұтынушылардың құқықтары қорғалып, сондай-ақ жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге тауарларды айырбастау және ауыстыру қамтамасыз етілді, бұл 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы көрсеткіштен 15,3%-ға артық», деп атап өтті ведомствода.

Комитет мәліметінше, Маңғыстау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушыға «Tuha Development» ТҚК-мен үлестік қатысу шарты бойынша ақшалай қаражатты қайтаруға жәрдемдесті. Мамандар шартқа құқықтық талдау жүргізіп, тараптарға заңнама нормаларын түсіндірді және кооперативпен келіссөздер ұйымдастырды. Нәтижесінде дау сотқа дейінгі тәртіппен реттеліп, тұтынушыға 14 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Бұған қоса, Шымкент қаласында «Канфар Бюлдинг» ЖШС-нен сатып алынған пәтерден елеулі кемшіліктерді анықтаған тұтынушының құқықтары қалпына келтірілді. Департамент жүргізген жұмыстың қорытындысы бойынша құрылыс салушы тұтынушыға пәтер үшін төленген 15,1 млн теңгені қайтарды.

Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында Департаменттің 24 тұтынушының құқықтарын қорғау мақсатында берген талап қоюы бойынша сот «QUALITY EVENT» ЖШС-ін «MyFest» іс-шарасының өткізілу орны өзгертілуіне байланысты қатысушыларға 1,5 млн теңге қайтаруға міндеттеді.

Сонымен қатар «Сапалы Өнім» жобасы аясында сапасыз және қауіпті өнімдерді анықтау бойынша жұмыс қорытындылары шығарылды. Алты айдың қорытындысы бойынша 874 өнім түрінің 623 атауында бұзушылықтар анықталды, оның ішінде бұзушылықтардың 84%-ы таңбалау талаптарына сәйкессіздікке, ал 16%-ы санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуына байланысты.

Анықталған фактілер бойынша 462 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты тиісті ден қою шаралары қабылданды.