Қызылорда облысындағы жазғы лагерьде оқушылармен профилактикалық кездесу өтті
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы «Тау самалы» жазғы сауықтыру лагерінде оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған профилактикалық кездесу ұйымдастырылды.
«Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында өткен кездесуде жасөспірімдердің қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселелер кеңінен қозғалды. Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін сақтау, жаяу жүргінші ретінде өзін дұрыс ұстау, сондай-ақ велосипед, мопед және электр самокатын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын орындаудың маңызын түсіндірді.
Бұдан бөлек, оқушыларға қоғамдық орындардағы тәртіп нормалары, буллинг пен кибербуллингтің зияны, вандализм, ұсақ бұзақылық және өзге де құқық бұзушылықтар үшін қарастырылған жауапкершілік туралы ақпарат берілді.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Балалар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құқықтық қауіпсіздікке қатысты жан-жақты жауап алды.
Іс-шара соңында полиция өкілдері жасөспірімдерді заң талаптарын сақтауға, қоғамдық тәртіпті құрметтеуге және өз қауіпсіздігі мен айналасындағылардың амандығына жауапкершілікпен қарауға шақырды.