Халықаралық іздеуде жүрген Қайсар Қамза Қазақстанға жеткізілуі мүмкін
Халықаралық іздеуге жарияланған блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға жеткізілуі мүмкін. Желіде тараған видеода ол Камрань әуежайында белгісіз ер адаммен бірге жүргені байқалған, деп хабарлайды Newsroom.kz
Журналист Михаил Козачков жариялаған видеода Қайсар Қамза Вьетнамдағы Камрань әуежайында көрінеді. Оның жанында жүрген ер адамды журналист Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) қызметкері болуы мүмкін деп болжайды. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Еске салсақ, Қайсар Қамзаға қатысты қылмыстық іс интернет-казиноны заңсыз жарнамалау фактісі бойынша қозғалған. Тергеу мәліметінше, блогер әлеуметтік желілердегі парақшалары мен Telegram-арнасы арқылы Pinco онлайн-казиносын насихаттап, тіркелуге арналған сілтемелерді, жеке промокодтарды және құмар ойындарға шақыратын жазбаларды жариялаған.
Осыған байланысты ол 2026 жылғы 10 қаңтарда халықаралық іздеуге жарияланды. Кейін Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Интерпол арқылы оның Вьетнамда ұсталғанын хабарлаған болатын.
Бұған дейін Қайсар Қамза әлеуметтік желіде видео жариялап, қамауда емес екенін, тек төлқұжаты тәркіленгенін мәлімдеген. Кейін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі оның Вьетнамда қамауда отырғанын растады. Сондай-ақ блогерді Қазақстанға экстрадициялау мәселесі Бас прокуратураның құзыретінде екені хабарланған.
Қазіргі уақытта Қайсар Қамзаның Қазақстанға нақты жеткізілгені жөнінде ресми ақпарат жарияланған жоқ. Алайда әлеуметтік желіде тараған соңғы кадрлар оның елге қайтарылу процесі басталған болуы мүмкін деген болжамға негіз болды.