Марқұмның туыстарының айтуынша, Дильназ бұрын кездескен жігітімен жанжалдасып қалған. Әкесі қыздың жігіттің бетінен ұрып, кетіп қалғанын, алайда күдікті оның соңынан ергенін айтады.
Тергеу эксперименті кезінде күдікті пышақты қызды қорқыту үшін қалтасынан шығарғанын, кейін оның мойын тұсына жарақат салғанын айтқан. Әкесінің сөзінше, Дильназға барлығы 12 пышақ жарақаты түскен. Қыздың денесінен ауыр бас-ми жарақаты да анықталған.
Туыстарының айтуынша, алғашқы жарақаттардан кейін де Дильназ қарсылық көрсеткен. Күдікті қызды жол бойымен шамамен 32 метр сүйреп барған. Кейін қайтадан кеуде тұсына соққы жасаған.
Оқиғадан кейін күдікті Дильназдың күртесін шешіп, телефонын бұтаның арасына жасырған деген ақпарат бар.
Дильназ отбасының жалғыз баласы болған. Қазір оның жақындары істің «Адам өлтіру» бабынан «аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» бабына қайта саралануын күткенін айтады. Алайда әзірге мұндай өзгеріс болмаған.
Айта кетейік, істің нақты саралануы тергеу барысында анықталған барлық мән-жайға байланысты шешіледі. Көптеген жарақаттың болуы өздігінен қылмысты «аса қатыгездікпен жасалған» деп тануға жеткіліксіз, бұл үшін жәбірленушіге ерекше физикалық немесе моральдық азап келтіру ниеті дәлелденуі қажет.