weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Баннер
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Құрылтай сайлауында азаматтар өз таңдауын еркін жасай алды – ТүркПА бақылаушылар миссиясы

Қазақстандағы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы ашық, бірқалыпты және ұйымдасқан жағдайда өтті. Мұндай бағаны Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) халықаралық бақылаушылар миссиясы берді. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Құрылтай сайлауында азаматтар өз таңдауын еркін жасай алды – ТүркПА бақылаушылар миссиясы

ТүркПА миссиясының басшысы Осман Местен сайлау органдарының дайындық деңгейін, азаматтарды оқыту және халықты ақпараттандыру жұмыстарын оң бағалады. Оның айтуынша, бақылаушылар барған сайлау учаскелерінде дауыс беру процесі ұйымдасқан түрде өткен. Сайлаушылар өз таңдауын еркін жасап, дауыс беру құқығын кедергісіз жүзеге асырған.

Миссия өкілдері Астана мен Алматыдағы сайлау учаскелерінің жұмысын ашылған сәттен бастап дауыстарды санау кезеңіне дейін бақылаған.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасалған

Бақылаушылар сайлау учаскелеріндегі қолжетімділікке де ерекше назар аударды. Олардың мәліметінше, учаскелерде пандустар, Брайль қарпімен жазылған арнайы үлгілер және көру немесе есту қабілеті шектеулі азаматтарға арналған құралдар қарастырылған.

Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының ақпараттық материалдары мен отырыстары ымдау тіліне аударылған. ТүркПА өкілі Махмұт Өзер Қазақстандағы сайлаудың екі ерекшелігін атап өтті. Біріншісі – азаматтардың әртүрлі санатына дауыс беру мүмкіндігінің жасалуы. Екіншісі – Қазақстанның халықаралық бақылаушылар үшін ашық болуы.

«Дауыс беру барынша ашық өтіп, халықаралық байқаушылар үшін сайлау барысын бақылауға барлық жағдай жасалды», – деді Махмұт Өзер.

Миссия сондай-ақ жастардың сайлауға белсенді қатысқанын атап өтті. Бақылаушылардың қорытынды бағалауынша, 23 тамыздағы Құрылтай сайлауы Қазақстанның бір палаталы парламенттік жүйеге көшуінен кейінгі маңызды саяси оқиғалардың бірі болды.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→