Елімізде 2 мыңға жуық білім беру бағдарламасы жаңартылды
Қазақстанның жоғары оқу орындарында 2 мыңға жуық білім беру бағдарламасы түбегейлі жаңартылды. Енді университеттерде дәстүрлі мамандықтар заманауи технологиялармен ұштасып, энергетика мен ауыл шаруашылығынан бастап, аэроғарыш саласына дейін жаңа бағыттар бойынша кадр даярлау күшейтіледі, деп хабарлайды Newsroom.kz.
Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, еңбек нарығындағы өзгерістерге байланысты мамандардың кәсіби функциялары да қайта қаралып жатыр. Соның нәтижесінде энергетика саласында IT-технологияларды меңгерген мамандар, ал ауыл шаруашылығында цифрлық құралдарды қолдана алатын агрономдар даярланбақ.
Яғни дәстүрлі «энергетик» мамандығы біртіндеп IT-энергетикамен, ал агрономия цифрлық технологиялармен толықтырылады.
Дрон мамандарына сұраныс артып келеді.Дрон технологиялары ауыл шаруашылығы, геология, энергетика, құрылыс және логистика сияқты түрлі салаларда кеңінен қолданыла бастады.
Қазақстанда ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару және оларды қолдану бағытындағы мамандарды даярлауға да басымдық беріліп отыр. Қазірдің өзінде еліміздің 8 жоғары оқу орнында дрондарды басқару және дрон инженериясы бойынша мамандар даярлана бастаған. Бүгінде 430 студент дрон инженериясы мен аэроғарыштық бағыттарда білім алып жатыр.
Білім беру еңбек нарығына бейімделеді
Жаңартылған бағдарламалардың негізгі мақсаты - университет түлектерінің алған білімін нақты өндірістік міндеттерге қолдана алуына жағдай жасау.
Осыған байланысты білім беру бағдарламаларына цифрлық технологиялар, жаңа өндірістік құралдар және қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттер енгізіліп жатыр.
Мұндай өзгерістер Қазақстанда технологиялық және цифрлық экономикаға қажетті жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған.
Ғылым және жоғары білім министрлігі алдағы уақытта да білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына сәйкес жаңарту жұмыстарын жалғастырмақ.