Марафон 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы сәуірге дейін қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Қатысушылар жеті бағыт бойынша бақ сынай алады. Олар: «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және «Кітап оқитын зиялы».
Әр бағыт бойынша қатысушыларға арнайы іріктелген 330 кітаптың ішінен 15 шығарманы оқу қажет. Тізімде отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи әдеби туындылар бар.
Тоқаевтың кітабы да тізімде
Мемлекеттік қызметшілерге арналған кітаптар қатарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы сөз» («Слово об отце») кітабы да ұсынылған. Кітап каталогында шығарма Қасым-Жомарт Тоқаевтың авторлығымен көрсетілген.
Марафонның негізгі кезеңі 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Осы уақытта қатысушылар оқыған кітаптары туралы қысқаша пікірлерін жеке кабинетінде жариялап отырады.
Келесі кезеңде қатысушылар қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздерге қатысады. Жоба ережесіне сәйкес, ұпай кітап санына, пікірлерге және оқу кестесін сақтауына қарай есептеледі.
Жүлде қоры қанша?
Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлық беріледі:
• 1-орын — 600 мың теңге;
• 2-орын — 450 мың теңге;
• 3-орын — 300 мың теңге.
Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.
Марафонға мектеп оқушылары мен мұғалімдерден бастап колледж және университет студенттері, отбасылар, мемлекеттік қызметшілер мен басқа да азаматтар қатыса алады. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.