Кездесу 21 қыркүйекте Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің қолдауымен өтті. Оған Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Роман Василенко да қатысты.
Тараптар екі театр арасындағы тікелей кәсіби байланысты дамыту және бірлескен шығармашылық жобаларды әзірлеу мәселелерін талқылады. Ықтимал бағыттардың қатарында гастрольдік жобалар, әртістер мен мамандар арасында тәжірибе алмасу, сондай-ақ қазақстандық опера және балет өнерін Еуропа аудиториясына таныстыру мәселелері қаралды.
Кристина Шеппельманн «Астана Операның» қысқа уақыт ішінде қалыптасқан репертуарын және халықаралық байланыстарының кеңеюін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның опера және балет өнері еуропалық көрермен үшін өзіндік ерекшелігі бар бағыттардың бірі бола алады.
Өз кезегінде Александр Совостьянов La Monnaie – De Munt-пен тұрақты кәсіби байланыс орнатуға және екі театрдың шығармашылық тәжірибесін біріктіретін жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.
Роман Василенко екі елдің жетекші мәдени мекемелері арасында тікелей байланыс орнатудың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, мұндай ынтымақтастық еуропалық аудиторияның Қазақстанның заманауи мәдениеті мен музыкалық мұрасымен танысуына мүмкіндік береді.
La Monnaie – De Munt — Брюссельде орналасқан опера театры және Opera Europa халықаралық қауымдастығының мүшесі.