Қаржы

Қазақстанда пошта және курьерлік қызметтер көлемі 57,2 млрд теңгені құрады

Қазақстанда 2026 жылғы қаңтар-тамыз аралығында пошта және курьерлік қызметтердің көлемі 57,2 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға жоғары, деп хабарлайды Newsroom.kz.
 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, көрсетілген қызметтердің 13,4 млрд теңгесі халыққа тиесілі. 

Алматы көш бастап тұр

Өңірлер арасында пошта және курьерлік қызметтердің ең жоғары үлесі Алматы қаласына тиесілі. Қала жалпы көлемнің 58,7%-ын құрады. Екінші орында — Астана 13,2%, үшінші орында — Қарағанды облысы 3,2% көрсеткішімен орналасқан.

Ақшалай көлем бойынша да Алматы алда. Қалада қаңтар-тамыз айларында 33,6 млрд теңгенің пошта және курьерлік қызметі көрсетілген. Астанада бұл көрсеткіш 7,6 млрд теңге, ал Қарағанды облысында 1,8 млрд теңге болды.

Ауылдық жерлерде көрсетілген пошта және курьерлік қызметтердің көлемі 2 млрд теңгені құрады. 

Қандай қызметтер көрсетіледі?

Негізгі қызмет түрлеріне пошта және арнайы жөнелтілімдерді, соның ішінде сәлемдеме, бандероль және хат-хабарларды қабылдау, өңдеу, тасымалдау және жеткізу, сондай-ақ курьерлік жеткізу қызметтері жатады. 

Сонымен қатар статистикада көрсетілген 57,2 млрд теңге номиналды көлем екенін атап өткен жөн. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қаңтар-тамызда пошта және курьерлік қызметтердің нақты көлем индексі 93,9% болып, салыстырмалы бағамен былтырғы кезеңнен 6,1%-ға төмендеген.