Абайлаңыз, алаяқ! Ұлттық банк атын жамылғандар көбейді
Қазақстанда өзін Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтардың әрекеті жиілеген. Соңғы бір жарым айда осы схема бойынша елде 39 қылмыс тіркелген. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Алаяқтар азаматтарға қоңырау шалып, олардың банк шоттарына қауіп төніп тұрғанын айтады. Кейін ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды немесе көрсетілген реквизиттер бойынша ақша жіберуді талап етеді.
Осындай алаяқтықтың құрбаны болған Жезқазған тұрғыны 9 млн теңгесінен айырылған.
Ұлттық банктің мәліметінше, алаяқтар түрлі тәсілдерді қолданады. Олар өздерін Ұлттық банктің, құқық қорғау органдарының немесе басқа да мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері ретінде таныстырып, жалған құжаттар мен қызметтік куәліктерді көрсетуі мүмкін.
Кей жағдайда алаяқтар әңгімені басқа «маманға» қосып, бірнеше адамның атынан сөйлеседі. Сондай-ақ азаматтарды психологиялық қысымға алып, шұғыл шешім қабылдауға итермелеуі мүмкін.
Ұлттық банк азаматтарға мұндай қоңырауларға сенбеуге шақырады. Ведомство қызметкерлері жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейді және халықпен ақша есеп айырысу операцияларын жүргізбейді. Күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, Ұлттық банктің 1477 қысқа нөмірі немесе банктің ресми байланыс арналары арқылы ақпаратты өз бетінше тексеру қажет.
Мамандар SMS-кодтарды, банк картасының деректерін, PIN және CVV кодтарын бөгде адамдарға бермеуді ескертеді. Сондай-ақ телефон арқылы берілген нұсқаумен кредит рәсімдеуге немесе ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға болмайды. Мемлекеттік органдардың ресми ақпаратында мұндай «қауіпсіз шоттардың» болмайтыны нақты көрсетілген.