Аймақтар

⁠«Қателіктерден сабақ алынбайды»: 11 жыл бұрынғы Каспий оқиғасының куәгері

Каспий теңізінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты 11 жыл бұрынғы қайғылы оқиға қайта еске түсті. 2015 жылы Ақтаудағы оқу-жаттығу кезінде төрт әскери қызметші қаза болған еді. Сол оқиғаның қатысушысы қазіргі жағдайды көріп, сол кездегі оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Бұл туралы Newsroom.kz Stan.kz ке сілтеме жасап хабарлайды.

2015 жылғы 18 қыркүйекте «Орталық-2015» оқу-жаттығуының теңіз десанты эпизоды кезінде бортында 52 әскери қызметшісі бар алты БТР-80 Каспий теңізіне шыққан. Шамамен 150 метр жүргеннен кейін қатты жел мен биік толқын салдарынан төрт бронетранспортер суға батып, төрт мерзімді әскери қызметші қаза тапқан. 

Сол кезде БТР-лардың бірінде болған бұрынғы әскери қызметші Stan.kz-ке оқиғаның қалай өрбігенін айтып берген. Оның сөзінше, оқу-жаттығу өтетін күні ауа райы күрт бұзылғанына қарамастан, әскери қызметшілерге БТР-лармен кемеден түсу туралы бұйрық берілген.

«Дәл оқу-жаттығу өтетін күні ауа райы бұзылды. Бірақ бізге сонда да БТР-лармен кемеден түсуге бұйрық берілді», – деді ол.

Бұрынғы әскери қызметшінің айтуынша, БТР-лар суға артқы жағымен бата бастаған. Сондықтан әскери қызметшілер алдыңғы есіктер арқылы шығуға тырысқан.

Ол сол кездегі оқу-жаттығулардан кейін тиісті қорытынды жасалмаған деп есептейді. Әскери қызметшінің пікірінше, 2015 жылғы оқу-жаттығуды ауа райына байланысты кейінге қалдыру қажет болған.

2015 жылғы оқиғадан кейін жүргізілген тергеу барысында бірқатар лауазымды тұлға жауапқа тартылған. Қорғаныс министрлігінің сол кездегі қорытындысында ережелер мен алгоритмдерді сақтамау, жеке құрам даярлығының жеткіліксіздігі және бақылаудың әлсіздігі негізгі себептердің қатарында аталған.

Ал 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде тағы да қайғылы жағдай тіркелді. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын арнайы комиссия және тергеу органдары анықтап жатыр.