Ясмина Токсанбаева Азиададағы алтын жүлдесінен айырылды
Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Токсанбаеваның Азиада-2026 ойындарындағы марафондық спорттық жүрістен көрсеткен нәтижесі аннулирленді.Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
27 қыркүйекте Жапонияның Айти–Нагоя қалаларында өткен жарыста Токсанбаева 42,195 шақырымды 3 сағат 22 минут 20 секундта жүріп өтіп, мәреге бірінші болып жеткен. Бұл нәтиже Қазақстан құрамасына Азиададағы тоғызыншы алтын медальді әкелген еді.
Алайда жарыстан кейін қазақстандық спортшының нәтижесіне қатысты протест берілген. Шағым Токсанбаеваның жарыста пайдаланған аяқ киімінің World Athletics талаптарына сәйкестігіне байланысты болған. Алғашында ресми хаттамада спортшының нәтижесі «Protested» мәртебесімен көрсетілді.
28 қыркүйекте Ясмина Токсанбаева әлеуметтік желідегі парақшасында нәтижесінің аннулирленгенін хабарлады.
«Нәтижем жойылды. Біз соңына дейін күрестік. Мен алтын медальді қатты сыйлағым келді. Бірақ Алланың жазғаны болады. Бұл жағдай да мені арманымның жолынан тоқтатпайды», – деп жазды спортшы.
Ол сондай-ақ өзіне қолдау көрсеткен жаттықтырушысы мен Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясына алғыс айтты.
Кейін жарыстың ресми хаттамасында Токсанбаеваның қарсысында DQ (Disqualified) мәртебесі пайда болды. Осылайша оның 3:22:20 нәтижесі есепке алынбады.
Айта кетейік, бастапқы нәтижеде екінші орынды Қытай спортшысы Даньцзэн Цюйцзун (3:26:09), үшінші орынды тағы бір қытайлық Ма Ли (3:32:26) иеленген болатын.