Ақмолада ірі көлемдегі жылқы ұрлығы әшкереленді
Ақмола облысында жайылымнан 77 жылқы ұрлады деген күдікпен әкесі мен баласы қамауға алынды. Мал иесіне келтірілген шығын 25 млн теңгеден асады. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Полиция мәліметінше, Степногорск қаласының екі тұрғыны көктемде Ерейментау ауданындағы еркін жайылымнан жылқыларды айдап әкеткен. Кейін олар малды Степногорск қаласының шетіндегі қашаларда ұстап, біртіндеп сатқан деген болжам бар.
Тергеу барысында ұрланған жылқылардың 40-тан астамы табылып, иесіне қайтарылды.
Қазір әкесі мен баласы қамауда отыр. Аталған дерек бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.