Аймақтар

Түркістанда Республика күніне орай жаңа тұрғын үйлер пайдалануға берілді

Түркістан қаласында мерекеге орай 14 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 588 пәтер пайдалануға берілді. Жаңа баспаналар Әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан. Пәтерлер тұрғындарға жалға беру және жеңілдетілген ипотека бағдарламалары арқылы ұсынылады. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Салтанатты шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жаңа пәтер иелеріне кілттерді табыстап, отбасыларды қоныстойымен құттықтады. Ол тұрғын үймен қамтамасыз ету өңірдегі маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, жаңа тұрғын үй кешені 3,5 гектар аумақты алып жатыр. Мұндағы 588 пәтердің 194-і жалдамалы баспана санатына жатады. Тағы 394 пәтер жеңілдетілген ипотекалық несие арқылы беріледі. Тұрғын үйлердің жалпы ауданы 36 720,6 шаршы метрді құрайды.

Өңірде соңғы жылдары тұрғын үй құрылысын дамытуға басымдық беріліп келеді. 2018-2025 жылдар аралығында Түркістан облысында баспана кезегінде тұрған азаматтарға 23 633 пәтер берілген. Олардың жалпы ауданы 1 млн 261 мың шаршы метрге жеткен.

Биыл облыс аумағында 3 мыңнан астам пәтердің құрылысы жүргізілсе, оның 2 434-і пайдалануға тапсырылған. Түркістан қаласының өзінде 43 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 2 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілген. Оның ішінде 706 пәтер жалға беруге арналса, 1 382 пәтер жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама аясында ұсынылады.

Соған қарамастан, қалада баспанаға мұқтаж азаматтардың саны әлі де көп. Қазіргі таңда Түркістанда 23 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр.

Жаңа үйлердің пайдалануға берілуі тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың бір бөлігін баспанамен қамтуға мүмкіндік береді. Ал тұрғын үйге деген сұраныстың жоғары болуы қалада құрылыс жұмыстарын одан әрі жалғастыру қажеттігін көрсетеді.