eGov-тағы медициналық жазбаларға қатысты шағым пайда болды
Астана тұрғыны eGov жүйесіндегі медициналық тарихын тексеріп, өзі бармаған дәрігер қабылдаулары мен медициналық тексерулер туралы жазбаларды анықтады. Оның айтуынша, жүйеде ай сайын атына 8–10 медициналық қызмет тіркелген. Бұл туралы Newsroom.kz BES.media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жарқын Болатұлы күмәнді жазбалардың скриншоттарын Threads әлеуметтік желісінде жариялаған. Оның сөзінше, ол емханаға бармағанына қарамастан, электронды медициналық тарихында бірнеше дәрігердің қабылдауы көрсетілген. Олардың арасында акушер-гинекологтың кеңесі де бар.
«Мұны қалай түсінуге болады? Емханаға бір рет те барған жоқпын, бірақ ай сайын атыма 8–10 қабылдау тіркеледі. Бұл – бір айдың скриншоттары ғана. Тіпті кейбірін байқамай қалуым да мүмкін. eGov-ты қарап едім, гинекологқа да барыппын», – деп жазған ол.
Жазбаға қатысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) түсініктеме берді. Қор өкілдері алдымен медициналық қызметтер тарихында көрсетілген емхананың пациенттерді қолдау қызметіне жүгініп, жазбалардың қандай негізде енгізілгенін анықтауға кеңес берді.
Қордың мәліметінше, мұндай жағдай деректерді енгізу кезінде кеткен қателіктен болуы мүмкін. Егер медициналық ұйым мәселені шешпесе, азамат қордың өзіне ресми өтініш жолдай алады. Өтініш негізінде ӘМСҚ жоспардан тыс мониторинг жүргізіп, көрсетілген деректерді тексеруге құқылы.