Қаржы

Әлемдік бидай бағасы бір айда 12 пайызға төмендеді

Әлемдік нарықта бидай бағасы бір ай ішінде шамамен 12 пайызға арзандады. Сарапшылар мұны биылғы астық түсіміне қатысты болжамның жақсаруымен және экспорт көлемінің артуымен байланыстырады.

Әлемдік нарықта бидай бағасы бір айда шамамен 12 пайызға түсті. 23 қазанда АҚШ биржасындағы сауда 1 тоннасы 229 доллар деңгейінде аяқталды, ал бір ай бұрын бұл көрсеткіш 260 доллар болған.

Бағаның төмендеуіне биылғы өнімге қатысты күтілімнің жақсаруы әсер етуі мүмкін. Халықаралық астық кеңесінің қазан айындағы болжамына сәйкес, негізгі экспорттаушы елдер 2026/27 маркетингтік жылында 396,1 млн тонна бидай жинайды. Бұл алдыңғы бағалаудан жоғары.

Әлемдегі ең ірі бидай экспорттаушысы Ресей де логистикасын қайта құрып, сыртқы нарықтарға жөнелтілімді көбейтіп отыр. «СовЭкон» талдау орталығының директоры Андрей Сизовтың бағалауынша, қазанда Ресей 2,8 млн тонна бидай экспорттайды, ал тамызда бұл көлем 2,1 млн тонна болған.

Украина да экспортты ұлғайтып жатыр. «СовЭкон» 2026/27 маусымында елдің сыртқы нарыққа 15,6 млн тонна бидай жөнелтетінін, бұл өткен маусымдағы 14 млн тоннадан көп болатынын болжайды.

Аналитиктердің айтуынша, экспорттың жандануына Ресей ішкі нарығындағы бағалар да жауап берген: өткен аптада Ұлттық тауар биржасының (СРТ Новороссийск) дерегінше, бидай бағасы 300 рубльге өсіп, 1 тоннасына 9300 рубльге жетті. Баға бір ай бұрынғы деңгейге қайта оралды.

Қазақстанда да ұсыныстар осы бағытта қалыптасып отыр. Евразиялық сауда жүйесі биржасының мәліметінше, сатушылар үшінші классты, клейковинасы 25-26% болатын бидайдың 1 тоннасын 97 мың теңгеден ұсынып отыр. Клейковинасы 29-30% болатын hi-pro бидайының бағасы 118 мың теңге. Алайда өткен аптада бұл бағамен мәміле жасалмаған.