Қазақстанда іздеуде жүрген мыңнан астам күдікті ұсталды
Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында хабар-ошарсыз кеткен 17 мыңнан астам адамның жүрген жері анықталды. Сонымен қатар іздеуде жүрген 1 031 күдікті ұсталған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында шетелдік құқық қорғау органдары іздестіріп жүрген 537 адам ұсталған.
Сонымен қатар 5 қазаннан бастап ел бойынша «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Оның мақсаты — тұрғын үй секторындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, заң талаптарының сақталуын тексеру және полиция мен халық арасындағы байланысты нығайту.
Іс-шара барысында полицейлер шамамен 249 мың тұрғын үйді аралаған. Оның ішінде 12,5 мыңға жуық жалдамалы пәтер бар. Тексеру кезінде тіркеусіз тұрудың 9 мыңға жуық дерегі анықталып, 7 189 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар тұрғылықты жері белгісіз 2 128 адам полиция органдарына жеткізілген.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында да рейдтер жүргізілген. Нәтижесінде түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз жүрген жасөспірімдерге қатысты 3 883 дерек анықталған. Ал 396 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына орналастырылған.
Полиция профилактикалық есепте тұрған азаматтарды да тексерген. Шамамен 6 мың адам тексеріліп, 1 511 құқық бұзушылықтың жолы кесілген.
Бұдан бөлек, тұрғындарға мүлікті қорғау және жеке қауіпсіздік бойынша 223 мыңнан астам ақпараттық жадынама таратылып, халықпен 8 мыңнан астам кездесу өткізілген. «Қауіпсіз үй» іс-шарасы 5 қарашаға дейін жалғасады.