Қаржы

Мектепке бөлінген ақша қайда кеткен? Қостанай облысында ірі заңбұзушылық анықталды

Қостанай облысының Қарабалық ауданында білім саласына бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты заңбұзушылықтар әшкереленді.

Тексеру кезінде мектеп жабдықтарының жоғалғаны, қаржының есепке алынбағаны және мемлекеттік сатып алу талаптарының сақталмағаны белгілі болды. Осыдан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы қызметінен айырылды. 

Өңір прокуратурасының мәліметінше, тексеру барысында жауапты қызметкердің 768 мың теңгені кіріске енгізбегені анықталған. Бұдан бөлек, жалпы құны 8,7 млн теңге болатын мектеп жабдықтары мен оларды сатып алуға қарастырылған 744 мың теңге қаражаттың жоқ екені белгілі болған.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 2-бөлігінің 3) тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Кейін мемлекетке келтірілген шығын толық өтеліп, қылмыстық іс рақымшылық актісі негізінде тоқтатылған.

Тексеру кезінде мемлекеттік сатып алу саласынан да елеулі заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, жалпы құны 50 млн теңгеден асатын тауарлар міндетті конкурстық рәсімдерсіз сатып алынған. Сонымен қатар жеткізілген жабдықтардың талаптарға сай екенін растайтын құжаттар мен кепілдік міндеттемелері болмаған.

Прокуратураның қадағалау шараларынан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды. Сондай-ақ тәртіп бұзуға жол берген жеті лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.