Жаңалықтар

Вице-министр ұшақта адам өмірін сақтап қалды

Қазақстанның денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов әуе рейсі кезінде денсаулығы сыр берген жолаушыға шұғыл медициналық көмек көрсетті. Оқиға Астана – Тараз бағытындағы ұшақ бортында болған. Бұл туралы Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.

Ведомствоның хабарлауынша, ұшақ көкке көтерілгеннен кейін 38 жастағы Ресей азаматының денсаулығы кенеттен нашарлаған. Әйел өзін жайсыз сезініп, қатты әлсіздікке, жүрек айнуына шағымданған. Сонымен қатар қан қысымы көтеріліп, тыныс алуы қиындаған.

Жолаушының жағдайы күрт өзгерген сәтте бортта медициналық көмек көрсете алатын басқа маман болмаған. Осы кезде дәрігерлік тәжірибесі бар вице-министр бірден іске кіріскен.

Манас Рамазанов әйелдің жағдайын тексеріп, қан қысымын өлшеген және қажетті медициналық шараларды жүргізген. Көрсетілген көмектен кейін жолаушының жағдайы біртіндеп тұрақтанып, есін жиған.

Вице-министр мұнымен шектелмей, ұшақ Тараз әуежайына қонғанға дейін жедел жәрдем қызметімен байланыс орнатқан. Нәтижесінде әуе кемесі қонған сәтте медицина қызметкерлері жолаушыны күтіп алып, оны әрі қарай тексеру мен емдеу үшін қабылдаған.

Айта кетейік, Манас Рамазанов – тәжірибелі хирург-дәрігер. Ол бұған дейін Қазақстан Республикасының бас хирургі қызметін атқарған. Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау вице-министрі лауазымында жұмыс істейді.