Ресейдің Северодвинск қаласында 29 жастағы дәрігер-реаниматолог 73 жастағы пациенттің өліміне байланысты айыпталды. Тергеу нұсқасы бойынша, ол әйелдің қайтыс болғанын қате тіркеп, кейін моргта тірі екені анықталған соң оған өлімге әкелген препарат енгізген.
Оқиға 2025 жылдың желтоқсан айында болған. Зейнеткер әйел ауруханаға жедел тромбоз диагнозымен түскен. Емдеу барысында оның жүрегі тоқтап, реаниматолог шамамен жарты сағат бойы жандандыру шараларын жүргізгеннен кейін оны қайтыс болды деп жариялаған.
Содан кейін әйелдің денесі моргқа жіберілген. Араға шамамен екі сағат салып санитар оның бойынан тіршілік белгілерін байқап, бұл туралы дәрігерге хабарлаған.
Тергеу мәліметінше, реаниматолог моргқа келіп, пациенттің тамыр соғысын тексергеннен кейін оған анестезияға қолданылатын препарат салған. Осыдан кейін әйел көз жұмған.
Тергеушілердің пайымдауынша, дәрігер мұны бастапқыда жіберген қатесін жасыру үшін жасаған. Оған дәрменсіз күйдегі адамды өлтірді деген айып тағылып отыр.
2026 жылдың 18 қарашасында сот оған екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Дәрігер өз кінәсін мойындамайды, ал қорғау тарапы оның медициналық хаттамаларға сай әрекет еткенін алға тартады.
Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.