Әлеуметтік желіде Azerbaijan Airlines компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағының Ақтау маңында құлау сәті түсірілген толық видео жарияланды. Борт нөмірі — 4K-AZ65.
Кадрларда лайнердің жерге тым төмен биіктікте жақындап келе жатқаны көрінеді. Біраздан кейін ол ғимараттардың тасасында қалып, артынша қайта көрініп, жерге тиеді.
Соқтығысудан кейін ұшақтан бірден от шығып, аспанға қалың түтін көтеріледі. Видеода боғауыз сөздер кездесетіні ескертілген.
Оқиға 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау маңында болған. Баку – Грозный рейсін орындаған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты, оның ішінде 3 экипаж мүшесі бар. Тағы 29 адам түрлі деңгейде жарақат алды.
2024 жылғы желтоқсанда Қазақстанның Көлік министрлігі Embraer 190 ұшағына қатысты әуе апатын тергеу барысы жөнінде аралық хабарлама таратқан болатын. Ал 2026 жылғы сәуірде Ресей мен Әзербайжанның сыртқы істер министрліктері бірлескен мәлімдеме жасап, апат салдарын, соның ішінде өтемақы төлеу мәселесін тиісті түрде реттегенін хабарлады.
Сол мәлімдемеде AZAL ұшағының құлау себебі Ресей Федерациясының әуе кеңістігіндегі «әуе қорғанысы жүйесінің абайсыз әрекеттері» деп көрсетілген.