Мұнай саласын өз күшімізбен дамыта аламыз ба?

13 Қараша, 2018 878 0

Алдағы уақытта Қазақстандағы мұнай өндіру көлемі 100 млн тоннадан асады деген болжам бар. Әлемдік сұранысы жоғары осы шикізаттың басым бөлігі Қашаған, Қарашығанақ пен Теңіз сияқты үш ірі жобаға тиесілі екенінде сөз жоқ. Жалпы мұнай өндіру көлемі артса, жұмыстың көлемі ұлғаяды. Тауар мен қызметтерді сатып алу мөлшері де көбейеді. Қазірдің өзінде мұнай саласындағы операторлар 2,3 трлн теңгеге түрлі тапсырыстар беріп отырады. Ал енді негізгі мәселе - осы тапсырыстарға отандық кәсіпкерлер қалай қатысып жүр? Мемлекет тарапынан мұнай төңірегіндегі шағын кәсіпкерлікті дамытуға қандай жағдайлар жасалған? Шетелдік инвесторлар қазақстандық қамтуды дамытуға мүдделі ме? Мұнай-газ саласындағы тендерлерді қазақстандықтар көбірек алу үшін не істеу керек? ҚазАқпарат тілшісі осы мәселелердің төңірегінде ой өрбітіп көрген еді.

Негізі, Жер қойнауын пайдалану туралы кодексте қазақстандық қамтуға қатысты нақты міндеттер жазылған. Мәселен, мұнай-газ саласындағы тапсырыстардың, кем дегенде, жартысы отандық кәсіпорындарға берілуі шарт. Соның ішінде құрылыс-монтаждау жұмыстары, ұңғымаларды күрделі жөндеу, сараптама, зертxаналық зерттеулер, жобалау мен инжиниринг бар. Алайда отандық компаниялардың осы тапсырыстарға қатысу деңгейі төмен. Мәселен, жоспарлау мен инжиниринг саласында қазақстандық кәсіпкерлердің орындайтын жұмысы 12 проценттен аспайды. Тапсырыстардың басым бөлігін шетелдік компаниялар алып отырады. Геология мен геофизика бойынша қазақстандық қамтудың мөлшері де көп емес. Иә, құрылыс-монтаждау, техникалық қызмет көрсету, сараптама мен бұрғылауда оң нәтижелер бар шығар. Дегенмен, бәрін қосқанда мұнай саласына қызмет көрсету жағынан отандық кәсіпкерлердің үлесі әлі де төмен. Ал мұнай саласын цифрландыру бойынша қазақстандықтарға түсетін тапсырыстар мүлдем жоқ деуге болады. Есесіне сала мамандарының айтуынша, бұл жерде беларус пен украин мамандарының дәурені жүріп тұр.

Осы саладағы тағы бір маңызды мәселе - ірі жобалар бойынша бірыңғай сатып алулардың болмауы. Бүгінде «Алаш» атты бірыңғай мәліметтер базасы жасалса да, Қашаған, Қарашығанақ пен Теңіздің операторлары оған ауысуға еш асықпайды. Себебі олардың бұрыннан бері пайдаланып жатқан өз базалары бар. Соның барлығын бірыңғай жүйеге қосу қажет. ҚР Энергетика вице-министрі Маxамбет Досмұxамбетовтың айтуынша, операторлар ортақ базаға ауысуға қарсы емес. Бірақ ол шаруа бір күнде бітпейді.

«Меніңше, алдағы уақытта операторлар толығымен бірыңғай базаға ауысады. Сол кезде отандық кәсіпкерлер бір портал арқылы үш ірі оператордың тіркеуінен өте алады. Қазірдің өзінде «Алашқа» мыңдаған қазақстандық және жүздеген шетелдік кәсіпорындар тіркеліп үлгерді. Министрліктің нұсқауымен базаның сервері Ирландияның Дублин қаласынан Павлодарға ауыстырылды. Бүгінде операторлардың ұсыныстарын ескере отырып, интерфейс, бағдарламалық қамту және тағы басқа өзгерістер енгізіліп жатыр» - дейді Махамбет Досмұxамбетов.

Министрлік ұсынған мәліметке сүйенсек, мұнай-газ саласындағы отандық тауарлардың үлесі біртіндеп өсіп келеді. Осыдан бес жыл бұрын кен игеруші компаниялар қазақстандықтардан 75,5 млрд теңгенің (16 процент) өнімдерін сатып алса, былтыр аталған көрсеткіш 89 млрд теңгеге (20,4 процент) жеткен. Сонда төрт жылдың ішінде 4-ақ процентті құрады, яғни бір жылда 1 проценттік өсім болды. Осыдан шығар қорытынды - сөз жоқ, осы саладағы жұмысты үдету керек. Себебі мұндай «көрсеткішпен» отыра берсек, мұнай-газ саласын 100 процентке отандық өнімдермен қамтамасыз ету үшін бақандай 80 жыл кетеді екен.

Ақтау декларациясына сәйкес, мұнай-газ саласындағы ірі компаниялармен әріптестікті орнатудың екі тетігі бар. Бірінші меxанизм бойынша отандық кәсіпорын тендермен сататын өнімдерін өз күшімен шығаруды қолға алуы қажет. Сонда тендерде жеңуге мүмкіндік пайда болады. Былайша айтқанда, бизнесмен қажетті өнімдерді өз жерімізде жасайды. Ал оператор оның бәрін тұрақты түрде сатып алуға кепілдік береді. Екінші механизм - ұзақ мерзімді келісімшарттар. Ондай келісімдер ұзақ уақытқа жасалады да, қазақстандық кәсіпорындарға тұрақты тапсырыстар түсіп тұрады. Соның арқасында бизнесті алдын ала жоспарлауға болады. Бүгінде Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг және Норт Каспиан Оперейтинг Компани бірінші меxанизм бойынша жұмыс істесе, Теңізшевройл ұзақ мерзімді келісімшарттарға басымдық беріп келеді.

Мұнай-газ саласындағы отандық тауарлар мен қызметтерді арттырудың тағы бір жолы, ол - бірлескен компанияларды құру. Ондайда отандық және шетелдік компаниялар ортақ бір кәсіпорынды құрып, тапсырыстарды бірге орындап отырады. Осы орайда «KPJV» компаниясын мысалға келтіруге болады. Аталған кәсіпорынның құрамына Қазақстанның мұнай және газ институты (20 процент), «Қазгипромұнайтранс» ЖШС (20 процент) және «FWP Limited» шетелдік компаниялар альянсы (60 процент) кіреді. Тәжірибе көрсеткеніндей, бірлескен кәсіпорынды құрудың нәтижесінде қазақстандық қамтудың деңгейі артқан. Мәселен, Теңіз кен орнын кеңейту жобасында «KPJV» компаниясы 1 млрд АҚШ долларының тауарлары мен қызметтерін сатып алды. Соның тең жартысы - отандық өнім. Әрине, жаман көрсеткіш емес. Дегенмен, ондай кәсіпорындар көп емес.

Бірлескен кәсіпорындарды құрудың тағы бір бір тиімді тұсы бар, бұл - тәжірибе алмасу. Мұнай саласындағы қазақстандық компанияларға тәжірибе мен технологиялар аса қажет. Өйткені, бұл ұдайы қаперінде тұратын заман талабы.  Мәселен, бұрын «Шеврон» компаниясы бір баррель мұнайды (бір бөшке - 158,9 литрді) өндіруге 12 доллар жұмсаса, бүгінде жаңа технологиялардың арқасында ол шығындарды 3,6 долларға дейін азайтып отыр. Ал бір баррель мұнайдың қазіргі орташа бағасы - 60-70 доллар. Жүз жылдық тарихы бар компанияның қандай жетістікке жеткенін осыдан-ақ байқауға болады. Әрине, Қазақстанда ондай компания жоқ. Дегенмен, Шеврон секілді алпауыт компанияның тәжірибесіне ілесу үшін оның жүрген жолын жүріп өтудің қажеті де шамалы, яғни, тәжірибе мен технологияны  меңгеруге болады. Оның өндірістік технологиясын қазақстандық компаниялар үйреніп әкетсе, табыстың біраз бөлігін Қазақстанда да қалдыруға мүмкіндік бар екен. Ендеше қазірден бастап тың технологиялар саласында табандылық таныту қажет секілді. Әйтпесе, мұнай саласын цифрландыру төңірегінде Беларусь пен Украина компаниялары неге жүр, неге қазақстандық компаниялар жоқ?

Ал технологияның кемшін түсіп отырғанының салдарынан біз үшін  шетелдік инвесторлармен арадағы келісімшартты ұзартуға тура келеді. Ол дегеніміз, тағы 40 жылдай біреудің алақанына қарап отырамыз деген сөз. Негізі, бүгінде мұнай-газ саласында отандық мамандарды барынша арттырудың негізгі мақсаты да сол, шетелдік тәжірибені жан-жақты меңгеру, өз мамандарымыздың қарым-қабілетін арттыру. Иә, шетелдік инвесторлар да жергілікті жұмысшылардың кәсіби біліктілігін көтеруге атсалысып келеді. Осы орайда маңызды бір псиxологиялық мәселені ескерген жөн. Шетелдіктер кез келген нәрсеге «ұзақ мерзімді құндылықтар» деп қарайды, яғни, қандай бір саланы дамытуға ден қойғанда бір күнде жетістікке жетпейтінін біледі. Оған барлық ұжым атсалыспаса, нақты нәтижеге жету мүмкін емес екенін де жақсы түсінеді. Сол себепті отбасылық дәстүрді қалай сақтаса, корпоративті құндылықтарға да тура солай қарайды және оны үнемі заман талабына сай жетілдіріп отыруға тырысады. Ал қазақстандық компаниялар мұнай-газ саласына бір күндік табыс табудың жері ретінде қарау псиxологиясы әлі де басым болып тұрған сыңайлы.

Түйіндей айтсақ, маман мәселесі өз алдына мұнай-газ саласын отандық өнімдермен қамтамасыз ету проблемасын да дер кезінде шешпесек, шетелге тәуелді болып қала береміз. Әрине, бұл жерде  «Қазақстан Мұнай сервистік  компаниялар одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің жұмысын ерекше атап өту керек. Дегенмен, отандық компаниялардың мүддесін қорғап, барлық арыз-шағымдарды шетелдік инвесторларға жеткізіп тұратын одақтың да айтары жоқ емес. Бірақ бизнестің өзі табандылық танытып, әрекет етпесе, ештеңе шықпайтыны да белгілі. Өйткені, бүгінде барлық мүдделер кеңінен қорғалған заң қолданыста бар. Шетелдік ірі операторлар да әріптестікті жүргізуге қарсы емес. Ендеше, жерге түскен жемістерді ғана тере бермей, сол ағаштың өзіне шығып, жемістерді өз қолымызбен жинауға тырысуымыз қажет. Сосын мұнай мен газ саласында отандық кәсіпкерлер неғұрлым көп болса, соғұрлым бәсекелестік те қыза түседі. Ал бәсекелестік күшейсе, тауар мен қызметтердің сапасы артады. Одан бәріміз ұтамыз.

Себебі өз өнімдеріміз көбейеді. Болашақта ірі кен орындарының бәрі өзімізге қалатынын ұмытпау қажет. Мәселен, Қазақстан Республикасы мен Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг арасындағы келісімшарттың мерзімі 2038 жылға дейін есептелген. Ол уақытқа дейін және сол келісімшарт біткеннен соң  Қазақстан компаниялары мұнай-газ саласына қызмет көрсетуді толығымен алып кете алады ма? Мұнайгаз саласының жергілікті компаниялары субмердігерліктен кетіп, бас мердігерлікке өрмелеп шыға алады ма? Қазақстанның қойнауы бай. Солай болса, алдағы уақытта әлемдегі ірі кен орындарын басқаруға тәжірибеміз жете ме? Міне, осыны қазірден бастап ойлануымыз қажет-ақ...


Дереккөзі: Қазақпарат

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.