Түркістан облысында жыл үздіктері марапатталды

29 Желтоқсан, 2018 2452 0

Бүгін Түркістан қаласында 2018 жылды қортындылаған салтанатты іс-шара өтті. Жиында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұртшылықты Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, өңірімізде еңбегімен дараланған әр түрлі сала қызметкерлерін марапаттады.
«ХХІ ғасырдың белсенді азаматтары бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Қазіргі кезеңде елге қызмет етіп отырған азаматтар шығармашылыққа бейім, еркін ойлы, креативті әрі зиялы болғаны жөн. Аталған ізгі қасиеттер барлық сала қызметкерлерінің бойынан табылуы қажет. Бұл — бүгінгі заманның талабы. Бүгін талай сындардан сүрінбей өткен нағыз дүлдүлдер ортамызға келіп отыр. Осынау жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Алдағы уақытта да мемлекет пен қоғам мүддесі жолында талмай еңбек етіп, белсенді азаматтық ұстаныммен ортақ мақсатты жүзеге асыруға үлес қосатындықтарыңызға сенімдімін. Түркістанға қызмет ету — абыройлы міндет. Бүгінгі марапаттарыңыз сіздерге шабыт беріп, жаңа шыңдарға жетелейді деп ойлаймын. Сіздер жаңадан құрылған облысымыздың дамуына үлес қостыңыздар, бұл елдің жадында мәңгі қалады», — деген облыс әкімі жылдың үздігі атанған азаматтарды марапаттады.
Салтанатты іс-шарада жылдың үздік 15 мекемесі мен кәсіпорнына марапат тапсырылды. Олардың арасында «Green Technology Industries» ЖШС, «Ырыс» микроқаржы ұйымы, облыстық клиникалық ауруханасы және өзге де мекемелер бар. Сонымен бірге,  кәсіпкерлік, туризм, экономика, қаржы, руханият және мәдениет, денсаулық сақтау, спорт, құрылыс, білім, ауыл шаруашылығы, мұрағат, тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, энергетика және өзге де салалар бойынша 40 адам марапатталды. Жылдың үздік спортшысы атағына Дидар Хамза ие болса, Әдіхан Полатбеков жылдың үздік құрылысшысы деп танылған. Жыл агрономы болып Болатбек Құметов танылса (Шардара ауданы), Мұқағали Кенжетайұлы жыл ақыны атанды. Байқап отырғандарыңыздай, марапатталғандардың арасында қарапайым жұмысшыдан бастап білікті басшылар да бар.
Сондай-ақ, осы жиында «Саланың үздік мемлекеттік қызметші» аталымы бойынша 7 адамға құрмет көрсетілді. Жылдың ең үздік қызметкерлері марапатталған жиында облыстың өнер ұжымдары өнер көрсетіп, концерттік бағдарламасын ұсынды.

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.