Д. Қонаев - бар ғұмырын халқына арнаған адал тұлға

16 Қаңтар, 2019 1115 0

Қазақ даласы қай заманда да, дарынды, ақылды адамдардан құр қалған емес. Адамзат тарихының әр ғасырында да өз дәуіріне лайықты кемеңгер адамдар өмір сүрген.  Бүгінгі өскелең ұрпақтың Қазақстан мәдениеті, ғылымы, рухани өмірі мен сол мәдениетті жасаушыларға деген қызығушылықтарының күн санап арта түсуінен де ұлтымыздың ұлы тұлғаларына деген сүйіспеншілігі мен құрметі анықталады.

Сондай өз ғасырының біртума перзенттерінің бірегейі ретінде тарихтың алтын парақтарында өмір жолы мен қызметі хатталып, халқының жадында мәңгілікке сақталып қалған есім – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Дінмұхамед Ахметұлы – айрықша ардақтауға лайықты қарымды қайраткер. Сондықтан, біз оны Тәуелсіздікке дейінгі тарихымыздың тегеурінді тұлғасы деп бағалауымыз керек» - деп, атап өтті [1].

Есімі елге қадірлі ерен тұлға хақында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бұл бағасы асылын ардақтай алатын елдік қасиетіміздің белгісі екендігі ақиқат.

Д.А.Қонаев 1912 жылдың 12 қаңтарында Верный (қазіргі Алматы) қаласында дүниеге келді. Балдаурен балалық шағым, қайран жастық дәуренім өткен осынау әсем қала мен үшін оттай ыстық. Әрине, балалықтың да, жастықтың да өз белгілері бар, қызығынан қиындығы басым сол бір кезеңнің біреу біліп, біреу білмес, бірақ өзіме аян өмір жолы қандай болса, өзіммен бірге жасасқандай сезінетін бұл шаһардың да аса бай тарихы бар.

Біздің ұшаң-теңіз жерімізде ойран болмаған орда бар ма?!  Озбыр жаудың күйреуіне ұшыраған халықтың көне қонысы Алматыға – Іле Алатауының солтүстік етегіне «Іле» салынды, кейінірек оны верный деп атап кетеді. Арада он үш жыл өткенде ол қала атанып, Жетісу губерниясының орталығына айналады. Қазан төңкерісінен кейін 1921 жылы көрнекті партия және мемлекет қайраткері Ораз Жандосовтың ұсынысы бойынша өзінің байырғы аты – Алматыға ие болды, 1924 жылы Жетісудың орталығы деп саналды [2].

Д.А.Қонаевтың әкесі Меңліахмет Ысқақ Габдулуалиев атты көпестің қолында жалданып жұмыс істейтін, ал шешесі Зауре Байырқызы Шелек ауданының орталығында сіңірі шыққан кедейдің қызы. Ол үй шаруашылығымен айналысатын. Анасы сексен алты жасында дүние салды.  Әкесі мен шешесі жетпіс жылдан астам уақыт бірге ғұмыр кешті. Жігіттің үш жұрты бар дейді ғой. Соның бірі – нағашысы. Дінмұхамед Ахметұлы нағашы ағасы А.Шымболатовтың есімін әрдайым құрметпен еске алатын. Ол кісі комсомолдың алғаш ұйымдастырушыларының бірі. Сондай-ақ Жетісу өңірінде, Верныйда Кеңес өкіметін орнату күресіне қатысқан азамат еді. Кейін Түркістан Компартиясы Алматы ояздық комитетінің хатшысы, Алматы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, Жаркент ояздық комитетінің бірінші хатшысы болды.

Әкесі 1976 жылы тоқсан жасына үш ай қалғанда дүниеден озды. Д.А.Қонаев Чернышевский атындағы № 19 мектептің бірінші сатысында оқыды. Мектеп Алматы көшесінің (қазіргі Емелев) бойында ескі үйде болатын, кейінірек ол мектеп таратылып, мекен-жайы бұзылды. Төртінші класты бітірген соң №14 мектепке ауысты. Бір ғажабы, мектеп қабырғасында жүріп - ақ, тау - кен инженері болуға бел байлаған болатын. Ал оған қалай қол жетті? Мектеп бітірген соң, жоспарлау органдарында статист болып жұмыс жасады, ал кешкілік институттың дайындық курсында оқыды.

1931 жылы Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің жолдамасымен Мәскеу түсті металдар институтына түсуге астанаға барды. Институтқа қабылданысымен Панкратьев жалғыз аяқ көшесіндегі Сретенкода жатақханасына жатады. 1936 жылы шілдеде Мәскеу түсті металдар мен алтын институтын қызыл дипломмен бітіріп, Қоңырат-Балхаш құрылысына жолдама алып, сол жерден еңбек жолын бастады [3]. Мыс балқытатын комбинаттың негізгі шикізат базасы ретінде Қоңыраттық мыс-фарфор кен орны пайдаланылды, осы жерге Д.А.Қонаевқа жолдама берілді. Осы жерде Д.А.Қонаев соқпа айналымы қопарғыш станоктың машинисі болып еңбек жолын бастайды. Көп ұзамай қопарғыш цехтың бастығы болып тағайындалды.

Д.А.Қонаев қысқа мерзім ішінде түсті металлургияның барлық мекемелерімен, Қарағанды мен Ленгердің көміршілерімен және барлық қорғаныс кәсіпорындарымен іскерлік қарым-қатынас орнатты. Соғыс жылдарында Д.А.Қонаевтың басқаруымен Қазақстанда көптеген кен орындары, шахталар, фабрикалар салынып, іске қосылды.

Д.А.Қонаев бас инженер, Қоңырат пен Риддер кен орындарының директоры, Қазақ КСР-ң Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары бола тұрып, Ұлы Отан соғысы жылдарында тыл жұмыстары мен мемлекеттің күшті әскери арсеналына айналдырудың қабілетті ұйымдастырушысы болды.

Дінмұхамед Ахметұлы 100 – ден аса ғылыми еңбектердің авторы. 1952 жылы сәуір айында Қазақ КСР-ң ғылым Академиясының жалпы жиналысында ол тау-кен саласының ірі ғалымы ретінде академик дәрежесін алды. Сонымен бір уақытта Д.А.Қонаев Қазақ КСР-ң Ғылым Академиясының президенті болып сайланып, оны үш жылдан астам уақыт басқарып қазақстандық ғылымның дамуына үлесін қосты [4].

Д.А.Қонаев – үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Ленин орденімен, басқа да ордендер және медальдармен марапатталған, бірқатар шет мемлекеттердің жоғары наградаларына ие болған. Дінмұхамед Ахметұлының ғылым мен мәдениет, әлеуметтік-экономикалық салаларды өркендету ісінде көпұлтты Қазақстан халқына сіңірген еңбегі мол. СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі бола жүріп ол өз қызметін әлемдік коммунистік және жұмысшы қозғалысын дамытуға, бейбітшілік, ұлттық қауіпсіздік және халықаралық саясаттарын жүзеге асыру мақсатына арнады.

1955 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып бекітілді, 1960 жылы Компартияның бірінші хатшысы болып сайланды. 1962 жылы қайтадан республиканың Министрлер Кеңесінің төрағасы болды да, 1964 жылы екінші рет Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болды.

Д.А.Қонаев жыл сайын Қазақстанның барлық облыстарында өнеркәсіп орындарының, құрылыс мекемелерінің, совхоз бен колхоздың және ғылыми мекемелердің ұжымдарымен кездесіп тұрды. Республиканың жаңа басшысы ретінде бірінші жылдары өзінің араласуымен  Қарағанды-Теміртау, Павлодар-Екібастұз, Жамбыл-Қаратау, Қостанай-Лисаковск, Маңғышылақ, Шығыс Қазақстан және басқа да өнеркәсіп орындарына бөлінген үлкен қаржыны игеруге бас көтермей жұмыс істеді.

1950-1990 жылдары өнеркәсіп, ауылшаруашылық, құрылыс, транспорт, байланыс, ғылым мен мәдениет, халыққа білім беру ісі, денсаулық сақтау ісі, сауда мен халыққа тұрмыстық қызмет көрсету салаларын да едәуір жетістіктерге қол жеткізілген болатын.

Уақыт Д.А.Қонаевтың есімі мен атқарған істеріне үстемдік ете алмайды. Керісінше жылдар өткен сайын, ол өмір сүрген кезең алыстай берген сайын оның қызметінің нәтижесі одан бетер айқындала түсті.

Дінмұхамед Ахметұлы – өз халқының ұлы көсемі. Партия оны қандай бір жұмысқа бағыттаса да, ол үнемі өзінің терең білімі мен тәжірибесін, ұйымдастырушылық қабілетін алға қойған мақсаттарына жұмсаған еді. Еліміздің бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетуінде Д.А.Қонаевтың қосқан үлесі зор. Біздің мақтан тұтарлық ата-бабамыз баршылық: халқымыздың әйгілі хандары, сұлтандары, батырлары, билері, ақын-жазушылары және басқа да тұлғалар. Алайда осы тізбекте Д.А.Қонаевтың орны ерекше.

Көш бастап қазақ халқын дүниенің түкпір-түкпіріне танытқан халқымыздың адал перзенті Д.А.Қонаев ұзақ жылдар бойы елімізді басқарып, экономикамыздың өркендеуіне, мәдениетіміздің гүлденуіне, халқымыздың тұрмыс дәрежесінің жақсаруына еңбек етті.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіне Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа қатысты жәдігерлерді Д.А.Қонаевтың мемориалдық пәтер-мұражайының ғылыми бөлімінің жетекшісі Жаннета Даулетқызы Серікбаева тапсырды.

Өз ғасырының біртума перзенттерінің бірегейі ретінде тарихтың алтын парақтарында өмір жолы мен қызметі хатталып, халқының жадында мәңгілікке сақталып қалған есім – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев.  

Жусупова Айгерім Саматқызы

ҚР Ұлттық музейі

 Сарапшы

 

Пайдаланған әдебиеттер

1. Н.Ә.Назарбаев. Елі барда елі елеусіз қалмайды // Егемен Қазақстан. – 13 қаңтар 2010 ж.

2. С. Әбдірайымұлы. «Өтті дәурен осылай» // «Дәуір» баспасы, Алматы, 1992 ж., 12 бет.

3. С. Әбдірайымұлы. «Өтті дәурен осылай» // «Дәуір» баспасы, Алматы, 1992 ж., 23 бет.

4. К. Аухадиев. «Өмір жолы – тар соқпақ» // Алматы, 1998 ж., 152 бет.

5. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі қоры. 

Тегтер: Қонаев, тұлға, қайраткер, мемлекет, ел, өмірбаян

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Тагордың үйі

06 Мамыр, 2019

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.