Жұмыртқаны дұрыс жумаған: Нұр-Сұлтанда бас санитар дәрігер торттан уланғандар жайлы айтты

23 Сәуір, 2019 551 0

NewsROOM+. Жұрт көп тұтынатын атақты Happy Cake өнімдерінен сальмонеллез шықты. Себебі жұмыртқаны дұрыс жумаған. Еліміздің бас санитар дәрігері осылай деп мәлімдеді.

Аталған кондитерлік компанияның санитарлық талаптарға сай екенін растайын құжаты да жоқ екен. Қазір тәттіден уланғандардың саны 13 адамға жеткен.

"Сіздер шоу жасамаңдар. Мен шоумен емеспін, дәрігермін. Халықтың денсаулығына сәйкес, кезінде Гиппократ антын қабылдағанмын. Қазір бермейді, мен бергенмін", - дейді ҚР ДСМ денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин. 

Иә, ол шоумен емес. Біздің билікте әзірге шоумен жоқ. Бұл еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин. Атышулы торттан уланғандардың себебін айтты. Астанадағы Happy Cake өнімдерінен сальмонеллез вирусы анықталған. 

"Аурулардан сальмонеллез шығып жатыр. Уйден қалған торттың қалдығынан да сальмонеллез шықты. Көрдіңіз бе, тікелей байланыс бар. Жұмыртқа тауықтың таза орнынан шықпайды. Сондықтан жұмыртқаға арнайы талаптар бар. Жұмыртқаны дұрыстап жуу керек", - дейді Жандарбек Бекшин. 

Демек жұмыртқаны дұрыс жумаған кондитерлер. Санитарлық дәрігерлердің пайымы осындай. Әдетте, сальмонеллез тауық етінен табылатын. Алайда Хэппи кейк кондитерлік компаниясының басшылығы мемлекеттік органдардың мәліметтерімен келіспейді. 

"Біз бұл мәселені толықанды тексергенді қалаймыз. Әзірге ұшынып қалған отбасыға тезірек сауығып кетуін тілейміз. Айта кететін бір жайт, бірнеше ай қатарынан қоғамдық денсаулық сақтау департаменті белгісіз себептермен жоспарлы түрде біздің кондитерлік цехке қарсы іс-шаралар жүргізуде. Тіпті бұқаралық ақпарат құралдарының  көмегімен беделімізге нұқсан келтіру үшін қасақана әрекеттер істеуде. Олардың бұл әрекеті біз үшін түсініксіз. Мәселен, осыдан бірнеше ай бұрын СЭС мамандары "уланды деген хабарламаны негізге ала отырып тексермек болған. Алайда оның барлығы жалған екені анықталды. Осы мәселеге байланысты біз прокуратураға да шағымдандық. Қазіргі таңда аталмыш мәселеге байланысты сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алынған сынамалардың қорытындысы дайын болғаннан кейін міндетті түрде жариялаймыз", - деді өндіріс иесі. 

Қазіргі таңда уланғандардың саны 13 адамға жеткен. Оның сегізі ауруханада жатыр. Қалғаны үйден емделуде. 

"Түскен кездегі жағдайлары орташа болған. Қызу, әлсіздік, құсу, іш өту белгілерімен келген. Қазіргі таңда жағдайлары қанағаттанарлық. Толыққанды ем алып жатыр", - дейді дәрігерлер.

Бас санитардың сөзінше, Happy Cake осы күнге дейін санитарлық норма туралы қорытынды құжатсыз жұмыс істеп келген. Тиісті органдар оны тексере алмаған. Себебі заң бойынша жаңадан ашылған шағын бизнес субьектісін жайдан-жай тексеруге рұқсат жоқ. Тек шағым түскен кезде ғана. Қазір кондитерлік компанияның құрылғанына үш жылдан асты.  Былтыр оларға санитарлық талаптарды растайтын құжат алуды ескертіпті.

"Осы күнге дейін олар ешқандай қорытынды алған жоқ. Оларға өткен жылы желтоқсанда ескерту берілді", - дейді Бекшин.

Әзірге тараптар бірін-бірі кінәлауда. Ал, осы кондитерлік өнімнен уланғандардың не өздері, не туыстары ешқандай мәлімет бермей отыр. 

Дереккөз: Stan.kz

Тегтер: торт, сальмонеллез, жұмыртқа

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.