Қазақстанда балалардың сатушы, жүк тасушы, даяшы болып жұмыс істеуіне тыйым салу ұсынылды

31 Мамыр, 2019 604 0

NewsROOM+. Қазақстанда балалар жұмыс істей алатын салаларды заңды түрде анықтап беруді ұсынды. Балалар ісі жөніндегі омбудсмен Сәуле Айтбаева ата-аналардың өз пайдасын көздеп, балалар еңбегін пайдаланатынын айтып, алаңдаушылық танытты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Сәуле Айтбаеваның сөзінше, ата-аналар өз пайдасын көздеп,  спорт, жарнама, модельдік және шоу-бизнесте балаларының еңбегін пайдалануда. Ата-аналар балалардың сырт келбетін табыс табу құралына айналдырмауы керек, дейді. 

«Балаларды 14 жастан бастап қандай еңбекке тартуға болатыны Еңбек кодексінде анық жазылған. Олар тек кинематография, цирк өнері және концертке ғана қатыса алады. Онда да ата-анасының рұқсаты керек. Қалған жұмыстарға 15 және одан жоғары жасқа толғанда ғана араласа алады», - дейді Айтбаева. 

Сонымен қатар омбудсмен ересектердің қиындықтарын шешу үшін, балалардың еңбегін пайдалануға да қарсы шықты. Ол балаларға саудамен айналысуға, жүк тасушы, даяшы болып жұмыс істеуге тыйым салу керектігін айтты. Десе де еңбектің бұл түрлерінің баламасын ұсынбады. Тек барлық процесті бақылауға алып, балаларға арналған мамандықтар тізімін анықтауға және олар үшін жалақы мөлшері көрсетілген еңбек бирдасын құруға шақырды.

Омбудсменнің бұл ойын сенат спикері қолдады.

«Балалар еңбегін қорғау – үлкен мәселе. Ол бұқаралық талқылауды қажет етеді. Бұл жөнінде қоғамда түрлі пікір айтылатынына сенімдімін», - дейді сенат спикері Дариға Назарбаева.

Өз кезегінде Назарбаева аталған мәселені бұқара талқысына салуды ұсынды. 


Тегтер: балалар, жұмыс, заң

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.