Трамптың айтуынша, арал Дания құрамында болғанымен, онда Копенгагеннің нақты ықпалы байқалмайды, ал АҚШ бұл «алып мұз кесегін» қорғап, дамыта алатын жалғыз мемлекет.
Сонымен қатар ол Украина бойынша келіссөздер қажеттігін, НАТО-ның жұмыс істеуіндегі АҚШ-тың рөлін және өз әкімшілігінің жетістіктерін атап өтті.
Трамп сөзін бұрынғы америкалық әкімшілікті сынға алудан бастап, демократтардың елді экономикалық және геосаяси тұрғыдан әлсіреткенін айтты.
«Біздің экономикамыз гүлденіп жатыр», – деді ол. Ал Еуропаға қатысты: «Мен Еуропаны жақсы көремін, оның дамығанын қалаймын, бірақ ол қате бағытта кетіп барады», – деп мәлімдеді.
Айта кетейік, Трамп Швейцарияға жоспарланған уақыттан кеш жеткен. Air Force One ұшағынан ақау табылып, борт кері қайтуға мәжбүр болған. Соған қарамастан, форумдағы сөз сөйлеу уақытында басталды.