Қырғызстан Ішкі істер министрлігі Жогорку Кенеш депутаты Эльдар Сулаймановқа қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық жөніндегі мәлімдемені тексеріп жатыр. Жанжал депутаттың бұрынғы жұбайы әлеуметтік желіде жазған жазбадан кейін қоғамдық резонанс тудырды.
Әсел Азаматова есімді әйел парламент мүшесі тарапынан ұзақ уақыт бойы жүйелі түрде зорлық көргенін мәлімдеген. Оның айтуынша, соққы тек некеде тұрған кезде емес, ажырасқаннан кейін де жалғасқан. Әйел 2022 жылдың жазында жүктілігінің төртінші айында күйеуінен соққы жеп, ауруханаға түскенін жазған. Бұл оқиға ми шайқалуына әкелген, алайда сол кезде милицияға жазған арызы нәтиже бермеген.
Сондай-ақ 2023 жылы депутат балаларын тартып алуға әрекет жасап, қарсылық көрсеткен кезде әйелге тағы да қол көтергені айтылған.
Қырғызстан ІІМ баспасөз қызметі істің бақылауға алынғанын хабарлады. Ведомство өкілі Сұлтан Макилов әйелді ресми түсініктеме беруге шақырып отырғанын, бұрынғы арыздарды қайта тексеріп жатқанын және Бішкек қалалық ІІБ тарапынан қосымша ақпарат берілетінін мәлімдеді.
40 жастағы депутат Эльдар Сулайманов әзірге түсініктеме берген жоқ — журналистер онымен байланыса алмаған.