Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, өткен жылы елімізде 190 өндірістік нысан пайдалануға берілген. Ал биыл бұл көрсеткіш артып, жаңа жобалардың саны 200-ге жетпек.
Жоспарланған жобалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі – жалпы саны 186. Атап айтқанда, түсті металлургия саласында 39 жоба, құрылыс материалдарын өндіруде 28, химия өнеркәсібінде 21 жоба іске қосылады. Сонымен қатар резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру бойынша 16, тамақ өнеркәсібінде 13, қағаз өндірісінде 11 жоба жүзеге аспақ.
Бұдан бөлек, мұнай-газ химиясы мен жеңіл өнеркәсіпте 9 жобадан, жиһаз өндірісінде 7, машина жасау саласында 5 жоба жоспарланған. Ағаш өңдеу, қара металлургия және фармацевтика бағыттарында да жаңа кәсіпорындар ашылады.
Өңдеу секторынан тыс салаларда тағы 14 жоба қарастырылған. Оның ішінде энергетикада 6 жоба, тау-кен өнеркәсібінде 5 жоба, сондай-ақ қалдықтарды жинау мен өңдеу саласында 3 жоба іске қосылады.
Жалпы, бұл бастамалар еліміздің өнеркәсіп әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға және экономиканың әртараптануына серпін береді.