Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Вашингтонда өткен маңызды минералдарға арналған алғашқы халықаралық конференцияға қатысты. Іс-шара АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың шақыруымен ұйымдастырылып, оған 50-ден астам елдің делегациялары мен жетекші тау-кен компанияларының басшылары жиналды.
Конференция барысында АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс сөз сөйлеп, жаһандық жеткізу тізбектерін әртараптандырудың маңыздылығына тоқталды. Қатысушылар пайдалы қазбаларды өндіру, өңдеу және логистика бағыттарындағы халықаралық серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылады.
Өз сөзінде Ермек Көшербаев Қазақстанның минералдық-шикізаттық әлеуетіне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, елде табиғи ресурстардың ірі қоры ғана емес, оларды өңдеуге арналған өндірістік база, заманауи инфрақұрылым және тұрақты инвестициялық орта қалыптасқан.
Қазақстан Геологиялық қызметінің деректеріне сәйкес, ел АҚШ Геологиялық қызметі (USGS) анықтаған 60 маңызды минералдың 20 түрі бойынша дайын өнім жеткізуге қабілетті. Бұл ресурстар жоғары технологиялар, энергетика және өнеркәсіп салаларында кеңінен сұранысқа ие.
Сонымен қатар, Қазақстан мен АҚШ арасындағы маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумды іске асыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Құжат Мемлекет басшысының 2025 жылғы қарашадағы АҚШ-қа сапары барысында қол қойылып, Орталық Азиядағы осы бағыттағы алғашқы келісімдердің бірі болды.
Меморандум аясында Қазақстанда өңдеу өндірістерін дамыту, заманауи технологияларды енгізу және отандық өнімнің АҚШ нарығына шығуын кеңейту көзделген.
Жалпы, бұл бастамалар Қазақстанның жаһандық жеткізу тізбектеріндегі рөлін күшейтіп, стратегиялық минералдар нарығында сенімді серіктес ретінде орнығуына ықпал етпек.