Іс-шара Қазақстанда 23 сәуірде атап өтілетін маңызды мәдени мереке – Ұлттық кітап күні қарсаңында ұйымдастырылды.
Құжат спорт пен мәдениет салалары арасындағы серіктестікті нығайтуға, қазақстандықтар арасында, соның ішінде кәсіби футболшылар мен спортқа қызығушы жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және дамытуға бағытталған.
Меморандумға қол қойғандар:
• Қазақстан футбол федерациясының кәсіби клубтар арасындағы жарыстарды өткізу дирекциясының басшысы Бақытжан Мейрамбекұлы Пазылқайыр;
• «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Жұмағалиұлы Тұрлыбеков.
Меморандум «Кітап оқитын ұлт» жобасын бірлесіп жүзеге асыруды, сондай-ақ «Кітап оқитын спортшы» бағытын белсенді дамытуды көздейді.
Қол қойылған құжат спорт пен мәдениеттің тоғысуындағы жаңа әрі жарқын кезеңнің бастауын білдіреді. Тараптар алдарына өршіл мақсат қойып отыр: кітап оқуды қазақстандық футболшылар өмірінің беделді бөлігіне айналдыру, оларды тәні мықты, рухы бай жаңа буынның нағыз үлгісіне айналдыру.
Бұл серіктестік – жай ғана ресми келісім емес. Бұл – дене күші мен ой қуатын, спорт пен әдебиетті, бүгін мен болашақты тоғыстыратын ауқымды қозғалыс.
Бүгінде Қазақстанда футболмен 1 миллионнан астам адам айналысады. Футбол орталықтары мен академиялар жүйесінде шамамен 52 мың бала білім алуда, оның ішінде 12 мыңнан астамы – қыздар. Кәсіби лигаларда 1 250-ге жуық ер адам және 500-ден астам әйел қатысады. Әуесқой футболмен шамамен 65 мың адам айналысады, олардың 6,5 мыңнан астамы Қазақстан футбол федерациясы өткізетін лигаларға қатысады.
Қазақстан футбол федерациясының кәсіби клубтар арасындағы жарыстарды өткізу дирекциясының басшысы Бақытжан Пазылқайыр:
«Қазақстан озық халықаралық тәжірибеге сүйенеді, онда оқу мен білім футболшыларды даярлаудың ажырамас бөлігі болып саналады. FC Barcelona, Ajax, Manchester City, Bayern Munich және Sporting CP секілді жетекші академиялар мен клубтарда ойыншыны дамыту кешенді түрде жүзеге асады – физикалық және техникалық дағдылармен қатар интеллект, ойлау қабілеті және тұлғалық өсуге ерекше мән беріледі. Тәжірибе көрсеткендей, оқу, өзін-өзі дамыту және талдау арқылы тиімді шешім қабылдай алатын, жоғары нәтижелерге қол жеткізетін спортшы қалыптасады. Бұл өз кезегінде алаңда да, одан тыс жерде де жеңіске жетудің маңызды факторы», – деді.