Бүгінде инклюзия мәселесі тек әлеуметтік көмек шеңберінде ғана емес, адам құқықтары мен тең мүмкіндіктер қағидаты негізінде қарастырылуда.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда елімізде 743 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Бұл жалпы халық санының шамамен 3,7 пайызын құрайды. Оның ішінде 375 мыңнан астамы еңбекке қабілетті жастағы азаматтар. 2025 жылдың өзінде ғана жұмыспен қамту шараларымен 25,5 мың ерекше қажеттілігі бар адам қамтылған. Қазіргі уақытта республика бойынша 111 мыңнан астам азамат тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Алматы қаласында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Қала әкімдігі «Инклюзивті Алматы 2025–2030» тұжырымдамасын әзірлеуде. Жаңа бағдарлама ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Құжатта инфрақұрылым қолжетімділігі, әлеуметтік қызмет көрсету сапасы, білім беру, еңбек нарығына қатысу және қоғамдық өмірге толыққанды араласу мәселелері қамтылған.
Бүгінде Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеу жұмыстары айтарлықтай күшейді. Ресми деректерге сәйкес, қалада 4323 нысан толықтай бейімделген. Олардың қатарында мектептер, ауруханалар, емханалар, мемлекеттік мекемелер, мәдениет және спорт нысандары бар. Нысандарда пандустар, тактильді жолақтар, арнайы көтергіштер мен бағыттаушы белгілер орнатылып жатыр. Сонымен қатар қоғамдық көліктерді бейімдеу, жаяу жүргіншілер аймақтарын жаңарту және арнайы цифрлық сервистерді енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Сарапшылардың пікірінше, инклюзивті қоғам қалыптастыру тек инфрақұрылыммен шектелмейді. Қоғамдағы көзқарасты өзгерту, стереотиптерді жою және ерекше қажеттілігі бар адамдардың әлеуетін толық ашуға жағдай жасау маңызды. Осыған байланысты Алматыда түрлі әлеуметтік жобалар, оқыту бағдарламалары, инклюзивті мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Мемлекет тарапынан әлеуметтік төлемдер көлемі де кезең-кезеңімен ұлғайтылуда. 2025 жылы мүгедектік бойынша мемлекеттік жәрдемақы алушылар саны 544 мың адамға жеткен. Орташа төлем көлемі 78 мың теңгеден асқан. Сонымен бірге инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында жұмыспен қамту квоталарын кеңейту, цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту көзделіп отыр.
Мамандардың айтуынша, инклюзивті орта қалыптастыру — тек әлеуметтік міндет емес, бұл қаланың өркениетті даму көрсеткіші. Алматыда қолға алынған жаңа бастамалар ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың қоғам өміріне толыққанды араласуына мүмкіндік беріп, әлеуметтік теңдікті нығайтуға ықпал етеді.