weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Баннер
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Қазақстанда коммуналдық желілерді жаңғыртуға 13 трлн теңге бағытталады

Қазақстанда «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2029 жылға дейін инженерлік инфрақұрылымды ауқымды жаңарту көзделген. Жоба шеңберінде 84 мың шақырым инженерлік желі жаңғыртылып, ондаған жаңа энергетикалық нысан іске қосылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Дарбаев мәлімдеді.

Қазақстанда коммуналдық желілерді жаңғыртуға 13 трлн теңге бағытталады
Фото: ukimet

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы елдегі инженерлік инфрақұрылымның тозуын азайтып, коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыруды көздейді.

Ұлттық жоба аясында 2025–2029 жылдары жалпы көлемі 13 триллион теңге инвестиция тарту жоспарланған. Оның 6,8 триллион теңгесі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына, ал 6,2 триллион теңгесі энергетика секторын дамытуға бағытталады.

Жоба нәтижесінде республика бойынша 84 мың шақырым инженерлік желі жөнделіп, жаңғыртылады. Сонымен қатар жалпы қуаты 7 309 мегаватт болатын жаңа энергия көздері іске қосылып, 27 энергетикалық нысан салынып немесе жаңғыртылады.

Үкіметтің мәліметінше, бұл шаралар инженерлік желілердің орташа тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендетуге, ал апаттар санын 25 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда ұлттық жобаға табиғи монополиялар саласындағы 247 кәсіпорын қатысып отыр. 2029 жылға дейін олардың ішінде 70 кәсіпорынды жоғары тәуекел аймағынан шығару жоспарланған.

2025 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына бөлінген қаржы көлемі екі есеге ұлғайып, жыл қорытындысында 547 миллиард теңгеге 6,6 мың шақырым инженерлік желі жөнделген. Сонымен қатар инфрақұрылымы ең күрделі саналатын сегіз кәсіпорын «қызыл» аймақтан шығарылды.

Ал биыл бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі күшеймек. 1,138 триллион теңге көлеміндегі қаржы есебінен 12 мың шақырым инженерлік желіні жаңарту жоспарланып отыр. Оның басым бөлігі құрылыс-монтаж жұмыстарына бөлінсе, қалған қаражат жобалау және отандық өндірушілерден қажетті материалдарды сатып алуға жұмсалады.

Жобаға халықаралық қаржы институттары да тартылған. 2026 жылға арналған мақұлданған қарыз қаражатының көлемі 625 миллиард теңгені құрайды. Үкімет бұл ұзақ мерзімді әрі төмен пайызды қаржы ресурстары коммуналдық қызметтердің өзіндік құнын төмендетуге ықпал ететінін атап өтті.

Ұлттық жобаның орындалуы арнайы электрондық платформа арқылы бақыланады. Онда жобаларды жоспарлау, қаржыландыру, іске асыру және пайдалануға беру кезеңдерінің барлығы цифрлық форматта жүргізіледі.

Сондай-ақ жоба шеңберінде қазақстандық өндірушілерге басымдық беріледі. 2029 жылға дейін шамамен 2 триллион теңгенің отандық өніміне сұраныс қалыптасады деп күтілуде. Қазірдің өзінде E-Ondiris платформасында 492 отандық өндіруші тіркелген.

Өңірлер арасындағы көрсеткіштерге тоқталған вице-министр EPC-келісімшарттарын жасау бойынша Атырау мен Жетісу облыстары көш бастап тұрғанын айтты. Ал жұмыстардың орындалу қарқыны бойынша Павлодар және Қарағанды облыстары алда келеді.

Керісінше, Шымкент қаласы, Алматы және Ұлытау облыстары жоспарланған жұмыстардың орындалуы бойынша артта қалып отыр. Сонымен қатар 2027 жылға арналған жобаларды дайындау көрсеткіші бойынша Қостанай, Ұлытау және Ақтөбе облыстарының белсенділігі төмен екені айтылды.

Үкімет 2026 жылы дайындық кезеңінен толыққанды құрылыс-монтаж жұмыстарына көшіп, инженерлік желілерді жаңарту қарқынын екі есеге арттыруды негізгі міндет ретінде белгілеп отыр.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→