Рахат атаға қатысты оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Ол алаяқтық жасады деген күдікпен сотқа тартылғанымен, сот барысында айыптың дәлелденбегені анықталып, судья оны дәл сот залында қамаудан босатты. Сол сәтте қария көз жасына ерік беріп, жұртшылықтың жүрегін елжіреткен еді.
Араға көп уақыт салмай Рахат ата тағы бір ерекше қуанышқа кенелді. Ақтөбелік кәсіпкер Азамат Үсімбеков оған жаңа пәтердің кілтін табыстады.
Күтпеген сыйлыққа толқыған қария мұндай жақсылықты мүлде күтпегенін айтты. Оның сөзінше, еңбек жолында мұндай қамқорлықты көрмесе де, халықтың жанашырлығы мен қолдауын шын жүректен сезінген.
Сондай-ақ Рахат ата әріптестеріне өзінің ісіне қатысты заңгерлердің белсенді жұмысқа кіріскенін жеткізген. Қазіргі таңда оның ісі бойынша құқықтық мәселелер жан-жақты қарастырылып жатыр.
Бұл оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, көпшілік кәсіпкердің игі ісіне ризашылығын білдіруде. Желі қолданушылары мұны адамгершілік пен әділдіктің жарқын көрінісі деп бағалап жатыр.