Қорғау тарапы тергеу барысында бірқатар заңбұзушылыққа жол берілгенін мәлімдеді. Адвокаттардың айтуынша, Жубаниязованың әрекеті мен қайғылы жағдай арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс жоқ.
Қорғаушылар оның арнайы инженерлік-құрылыс білімі болмағанын, үйді өзі салмағанын және нысанды пайдалануға қабылдамағанын алға тартты.
Сонымен қатар адвокаттар Жубаниязованың ұзақ уақыт бойы іс бойынша куәгер ретінде болғанына назар аударды. Ол күдікті ретінде тергеудің соңғы кезеңінде ғана танылған. Кейін оған ешқайда кетпеу туралы қолхат беріліп, іс сотқа жолданған.
Қорғау тарапының мәліметінше, үй мен ОСИ-ге қатысты істерді Жубаниязоваға бұрынғы төраға 2025 жылдың мамырында ресми қабылдау-тапсыру актісінсіз берген. Оның айтуынша, Жубаниязоваға үйдің жағдайы жақсы екені айтылған. Ал ғимараттағы жарықтар мен басқа да ақаулар 2017 жылдан бері болған.
Осыған байланысты адвокаттар істі қосымша тергеу жүргізу үшін прокурорға қайтаруды, қосымша сараптамалар тағайындауды және ғимаратқа қатысты 2017 жылдан бергі барлық құжаттарды сұратуды өтінді.
Сондай-ақ қорғаушылар ғимараттағы ақаулар туралы Жубаниязова қызметке кіріскенге дейін хабардар болған тұлғалардың нақты шеңберін анықтауды сұрады.
Сот қорғау тарапының өтінішін қарастырып жатыр. Іс бойынша түпкілікті шешім соттың бағалауынан кейін қабылданады.