weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Бүгін, 10:33 / NewsRoom / Аймақтар
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

«Жабық терезеден де сезілді»: Атырау тұрғындары өткір иіске шағымданды

Атырау тұрғындары бірнеше күн қатарынан қаладағы өткір иіс пен түтінге шағымданды. Кей аудандарда атмосфералық ауа құрамындағы бірқатар зиянды заттардың мөлшері белгіленген нормадан бірнеше есе жоғарылаған. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

«Жабық терезеден де сезілді»: Атырау тұрғындары өткір иіске шағымданды
Фото: Видео үзіндіден

Тұрғындардың шағымы әсіресе 7 қыркүйекке қараған түні Ақшағала, Жилгородок, Нұрсая және Авангард шағын аудандарынан түскен. AirKZ мониторингі бойынша Ақшағалада күкіртсутек концентрациясы 24,6 мкг/м³-ге дейін жетіп, рұқсат етілген деңгейден шамамен 3,1 есе асқан. Ал Жилгородокта көрсеткіш 96,7 мкг/м³-ге жетіп, нормадан 12 еседен астам жоғарылаған.

Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде өткір иістің жабық терезеден де сезілгенін айтып, бас ауруы, жөтел және әлсіздік сияқты белгілерге шағымданды.

Жағдайға байланысты Атырау облысының әкімі Болат Ақчулаков шұғыл кеңес өткізіп, түнгі уақытта ауа сапасына қосымша мониторинг жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ ластану көзі болуы мүмкін кәсіпорындарды тексеру жөнінде тапсырма берілді.

Мамандар 5-6 және 6-7 қыркүйекке қараған түні сағат 22:00-ден 07:00-ге дейін атмосфералық ауаның құрамын зерттеген. Тексеру нәтижесінде кейбір аумақтарда изопропилбензол, диэтилбензол және көміртек тотығы бойынша гигиеналық нормативтердің бірнеше есе асқаны анықталған.

Бұдан бөлек, «Қазгидромет» мәліметінше, 7 қыркүйекте азот диоксиді бойынша да белгіленген шекті мөлшерден 1,4-1,8 есе жоғары бес жағдай тіркелген.

Экологтардың мәліметінше, 31 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Атырауда оңтүстік және оңтүстік-шығыс бағыттағы жел басым болған. Осы бағытта Атырау мұнай өңдеу зауыты орналасқан.

Осыған байланысты ластану көзі болуы мүмкін кәсіпорындарға, оның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысты тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, кешенді тексеру жоспарланып отыр. Дегенмен қазіргі таңда ауаның ластануына нақты қай кәсіпорын немесе нысан себеп болғаны ресми түрде анықталған жоқ.

Қазір Атырауда атмосфералық ауаның мониторингі жалғасып жатыр. Мамандар зерттеу нәтижелері арқылы ластанудың нақты көзін анықтауы тиіс.
 

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→