Қазір Ақбаян туыстарының қарауында, жақындарының бірінің үйінде тұрып жатыр. Туыстарының айтуынша, әйелдің жағдайы жақсы. Балаларымен қарым-қатынасы оның эмоционалдық жағдайына оң әсер етіп жатыр.
Бұған дейін Ақбаянның балаларымен алғашқы кездесуі 27 тамызда Атырау облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында өткені хабарланған еді. Кейін 1 қыркүйекте балаларымен қайта кездесіп, оларды оқу жылының басталуымен құттықтаған.
Ақбаян жақындарының қаза болғанын әзірге білмейді. Туыстары бұл ақпаратты оған айтпауды жөн көрген. Себебі қайғылы жағдайды білу оның психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін деп алаңдайды.
Қазір әйелдің басты тілегі – балаларымен бірге болу және болашақта олармен бірге тұру. Туыстары оның емделуіне және оңалуына көмектесіп жатыр.
Еске салайық, 2025 жылдың соңында Жангелдин ауылында Ақбаянның бұрынғы күйеуі Сұлтан Сарсемалиев оның ата-анасы, ағасы мен әпкесін өлтірген. Сот оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкім заңды күшіне енді.