weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Ұлттық қордың рөлі өзгеріп келеді: қаражат инфрақұрылымға бағытталады

Қазақстанда Ұлттық қордың экономикадағы рөлі біртіндеп өзгеріп келеді. Бұған дейін қаражат сыртқы экономикалық күйзелістер кезінде тұрақтандыру құралы ретінде пайдаланылса, енді оның бір бөлігі елдегі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталмақ. Бұл туралы EU Reporter мақаласына сілтеме жасап Newsroom.kz хабарлайды.

Ұлттық қордың рөлі өзгеріп келеді: қаражат инфрақұрылымға бағытталады
Фото: Abai.kz

Басылымның жазуынша, Қазақстан үшін негізгі мәселе жинақталған ұлттық байлықтың қандай бөлігін қаржылық актив түрінде сақтау және қандай бөлігін ел ішінде жұмыс істейтін капиталға айналдыру қажет екенін анықтау.

Қазір Қазақстан 2027 жылдан бастап Ұлттық қордан аса маңызды инфрақұрылымдық нысандар мен жалпыұлттық маңызы бар жобаларды қаржыландыруды жоспарлап отыр. Үкіметтің мәліметінше, 2027 жылы бұл мақсатқа 2 трлн теңге, ал 2028 және 2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңгеден бағыттау көзделген. 

Бұл қаражат жолдар, энергетика, коммуналдық желілер, денсаулық сақтау және білім беру сияқты ұзақ жылдар бойы пайдаланылатын нысандарды дамытуға мүмкіндік береді. Мұндай инвестициялардың әсері тек құрылыс кезеңімен шектелмейді. Мысалы, жаңартылған инженерлік желілер шығындарды азайтып, жолдар өңірлер арасындағы байланысты жақсартады, ал энергетикалық инфрақұрылым жаңа өндірістердің іске қосылуына жағдай жасайды.

EU Reporter авторының пікірінше, бұл жағдайда ұлттық байлық жоғалмайды, оның формасы өзгереді. Қаржылық активтің бір бөлігі ел ішінде жұмыс істейтін нақты активке  жолға, ауруханаға, мектепке немесе энергетикалық нысанға айналады. 

Ұлттық қор бұрын да тұрақтандыру құралы болған

Ұлттық қордың ресурстарын экономикалық қиындықтарды еңсеру үшін пайдалану Қазақстан үшін жаңа тәжірибе емес. EU Reporter мәліметінше, 2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде қордан шамамен 10 млрд доллар, ал 2015-2017 жылдары тағы 9 млрд доллар алынған. Пандемия кезінде де қордан берілетін трансферттер экономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталды. 

Алайда қазір қор қаражатын пайдаланудың мақсаты өзгеріп келеді. Бұған дейін басты міндет сыртқы күйзелістердің салдарын жұмсарту болса, енді жинақталған капиталдың бір бөлігі экономиканың дамуын тежейтін инфрақұрылымдық шектеулерді азайтуға жұмсалмақ.

Бұл ретте Ұлттық қордың активтері де сақталуы тиіс. Үкіметтің базалық сценарийіне сәйкес, қордың валюталық активтері 2027 жылғы 65,2 млрд доллардан 2029 жылы 70,6 млрд долларға дейін өсуі болжанып отыр. 

Негізгі мәселе - қаражаттың қаншалықты тиімді жұмсалатынында

EU Reporter мақаласында стратегияның нәтижесін тек Ұлттық қордан қанша қаражат алынғанымен бағалауға болмайтыны атап өтіледі. Негізгі көрсеткіш - сол қаражатқа қандай активтер жасалып, олардың экономикаға қандай әсер бергені.

Егер Ұлттық қордан алынған қаражат ондаған жыл бойы экономиканың өнімділігін арттыратын, бизнестің шығынын төмендететін, адами капиталдың сапасын жақсартатын және жеке инвестицияларға мүмкіндік беретін инфрақұрылымға айналса, бұл ұлттық байлықтың құрылымын өзгертуі мүмкін. 

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→