«Әділет» партиясы фракциясының депутаты Жарқынбек Амантайұлы қазіргі таңда TikTok, Instagram және YouTube сияқты платформаларда тікелей эфир арқылы аудитория жинайтындардың қатары көбейгенін атап өтті.
Депутаттың айтуынша, кейбір стримерлер көрермен санын арттыру үшін әдейі жанжал ұйымдастырып, балағат сөз айтып, адамдарды қорлайды. Мұндай контенттің артында коммерциялық мүдде де бар: көп қаралым лайк пен донатқа, ал кей жағдайда жарнамадан түсетін табысқа ұласады.
«Треш-стриминг» құбылысына алаңдаған депутат мұндай контентті заңнамалық тұрғыдан нақтылауды ұсынды. Оның пікірінше, зорлық-зомбылықты, қауіпті пранктерді, қорлау мен әдейі арандатушы әрекеттерді тікелей эфирде насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейту қажет.
Сонымен қатар депутат әлеуметтік желі платформаларымен бірлесіп, құқыққа қайшы тікелей эфирлерді жедел анықтап, бұғаттау және олардың авторларын сәйкестендіру тетігін қалыптастыруды ұсынды.
Тағы бір ұсыныс – адамның келісімінсіз оны тікелей эфирге шығарған немесе ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірген жағдайда жәбірленушілердің құқықтарын қорғауды күшейту.
Жарқынбек Амантайұлы сондай-ақ әлеуметтік желілердегі заңға қайшы контентке тұрақты мониторинг жүргізетін бірыңғай мемлекеттік жүйе құруды және оның нәтижелері туралы қоғамға ашық ақпарат беруді сұрады.
Депутат бұл ұсыныстар сөз бостандығын шектеуге емес, цифрлық кеңістіктегі сөз бостандығы мен жауапкершіліктің нақты шекарасын белгілеуге бағытталғанын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда тікелей эфирде балағат сөз айтып, қауіпті пранктер ұйымдастырған және донат үшін өзіне немесе өзгеге зиян келтірген бірқатар треш-стример әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны хабарланған.