weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Қазақстанда тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары талқыланды

15 қыркүйекте Орталық коммуникациялар қызметінде тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне арналған брифинг өтті. Жиында Қазақстандағы тұрғын үй құрылысының қарқыны, азаматтарға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау шаралары және тұрғын үйді бөлу тетіктерін жетілдіру мәселелері айтылды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Қазақстанда тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары талқыланды
Фото: Ашық деректер көзі

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің өкілі тұрғын үй мәселесі азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты мен өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.

2026 жылы Қазақстанда 20,4 млн шаршы метр тұрғын үйді, яғни шамамен 188 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Сегіз айдың қорытындысы бойынша 11,3 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 105,9 мың пәтер пайдалануға берілген.

Бүгінде азаматтарға тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған бірнеше мемлекеттік қолдау тетігі ұсынылады. Олардың қатарында жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар, жалдамалы тұрғын үй, жалдау ақысын субсидиялау және тұрғын үй сертификаттары бар.

Мәселен, биыл «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары бойынша 6,2 мың қарыз берілген. Ал «Наурыз» бағдарламасы аясында 350 млрд теңгеге 11,9 мың қарыз рәсімделді. Сонымен қатар 11,2 мың отбасы жалдау ақысын субсидиялау тетігімен қамтылды.

Жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында да жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан бері азаматтарға 12 653 жалдамалы пәтер берілген. Бұған дейін сатып алу құқығынсыз берілген жалдамалы тұрғын үйлерді жекешелендіру мүмкіндігін биылғы сегіз айда 6,8 мыңнан астам отбасы пайдаланған.

Тұрғын үйді есепке алу және бөлу жүйесінде де өзгерістер енгізіліп жатыр. 2025 жылғы мамырдан бастап бұл бағыттағы тиісті функциялар әкімдіктерден Отбасы банкке берілді.

Ал 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап ауылдық елді мекендерде жалдамалы тұрғын үйді бөлудің жаңа тетігі іске қосылды. Енді тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтар өздері есепте тұрған ауданнан жалдамалы тұрғын үй алу үшін өтінімді өз бетінше бере алады.

Сонымен қатар 14 қыркүйектен бастап жалдамалы тұрғын үйді бөлу кезінде отбасы құрамы ескерілетін болды. Бұған дейін қолданылған 15–18 шаршы метр көлеміндегі бірыңғай алаң нормасының орнына тұрғын үй беру кезінде отбасы мүшелерінің саны мен бөлмелер қажеттілігі назарға алынады.

Мемлекеттік тұрғын үй саясатын іске асыруға «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ да қатысады. Компания сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй тетігін дамытып, өңірлік тұрғын үй жобалары мен инженерлік инфрақұрылымды қаржыландырады.

Жиында атап өтілгендей, тұрғын үй саласындағы негізгі міндеттердің бірі – азаматтар үшін баспананың қолжетімділігін арттырумен қатар, мемлекеттік қолдау шараларын нақты қажеттілікке бағыттау.
 

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→