Тергеу мәліметінше, 2024–2025 жылдары күдіктілер төрт компанияның жұмысын ұйымдастырған. Олар негізінен аудан орталықтары мен ауылдарда азаматтарға зергерлік бұйымдарды кепілге қою арқылы ақша ұсынған.
Қарыз үшін күн сайын 0,4% мөлшерінде сыйақы алынған. Алайда клиенттермен ресми қарыз шарттары жасалмаған.
Компаниялар мәмілелерді заңды етіп көрсету үшін құжаттарда төлемдерді тауарды сатуды кейінге қалдырғаны немесе оны сақтағаны үшін алынатын комиссия ретінде көрсеткен.
Екі жыл ішінде бұл қызметті 1600-ден астам азамат пайдаланған. Заңсыз кәсіптен түскен табыс 579 млн теңгеден асқан.
Сот екі фигурантты да екі жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар олардың мүлкін тәркілеу туралы шешім қабылданды. Бес пәтер, үш автокөлік және екі жер телімі тәркіленген.