weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Түркістан облысының әкімі қариялармен бірге мерекелік күн өткізді

Халықаралық қарттар күніне орай Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңір қарияларымен бірге бір күн өткізіп, олардың өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесіне құлақ түрді. Мерекелік бағдарлама аясында ардагерлер тарихи орындарды аралап, ұлттық өнермен танысып, театр қойылымын тамашалады. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Түркістан облысының әкімі қариялармен бірге мерекелік күн өткізді

Түркістанда Халықаралық қарттар күніне арналған мерекелік кездесу ұйымдастырылды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аға буын өкілдерімен бірге бірнеше іс-шараға қатысып, оларға деген құрметін білдірді.

Бағдарлама Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуден басталды. Мұнда 50 ардагердің қатысуымен Құран оқылып, елдің амандығы мен халықтың бірлігі үшін дұға жасалды.

Одан кейін қатысушылар «Қолөнершілер» орталығына барып, жергілікті шеберлердің жұмыстарын көрді. Ұлттық нақышта жасалған бұйымдарды тамашалаған қариялар асық ату, ләңгі тебу және садақ ату секілді ұлттық ойындарға қатысты. Кездесу барысында қолөнер дәстүрін сақтау және ұлттық құндылықтарды жастарға насихаттау мәселелері де қозғалды.

Мерекелік күн Түркістан музыкалық драма театрында жалғасты. Ардагерлер облыс әкімімен бірге «Вальс королі» қойылымын тамашалады. Кейін олар қоғамдық автобуспен келесі іс-шара өтетін орынға жол тартты. Сапар кезінде қариялар өңірдің тыныс-тіршілігі, қоғамдағы өзгерістер мен өздерін толғандырған мәселелер туралы пікір бөлісті.

Күннің негізгі шарасы «Қарттарым – қазынам» атты мерекелік жиын болды. Жиында Нұралхан Көшеров қарияларды құттықтап, олардың ел дамуына сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.

Облыс әкімі өз сөзінде ардагерлердің тәжірибесі мен өмірлік өнегесі кейінгі ұрпақ үшін маңызды екенін айтып, аға буынға құрмет көрсету қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрі екенін жеткізді.

Салтанатты жиында тыл еңбеккерлері, өңірге еңбегі сіңген ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың және облыстық ардагерлер кеңесінің алғыс хаттарымен марапатталды. Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов ұрпақтар сабақтастығы мен қоғамдағы бірлікті нығайтудағы қариялардың орнына тоқталды. Шара концерттік бағдарламамен аяқталды.

Сонымен қатар облыс әкімі бірнеше қарияның шаңырағына арнайы барып, жағдайын сұрап, ақ батасын алды.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде Түркістан облысында 212 мыңнан астам зейнеткер бар. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының 3 ардагері, 2 145 тыл еңбеккері және жасы 100-ден асқан 39 қария бар.

Өңірде егде жастағы азаматтарды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді. Жыл сайын шамамен 7,8 мың ардагер облыстағы екі ардагерлер үйінде 14 күндік сауықтыру және демалыс қызметтерін алады. Бұдан бөлек, аудан-қалаларда жұмыс істейтін «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары жыл сайын 15 мыңға жуық зейнеткерге түрлі қызмет көрсетеді.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→

Біздің cеріктестер