Дональд Трамп АҚШ президенті қызметінде тағы бір мерзім қалғысы келетінін жеткізді. Ол Pod Force One подкастына берген сұхбатында заң рұқсат етсе, президенттік сайлауға қайта қатысуға қарсы емес екенін айтты.
Ақ үй басшысы бұл ретте АҚШ Конституциясының президенттің өкілеттік мерзіміне қатысты нормаларын еске салды.
«Егер мүмкіндік болса, мен тағы да сайлауға түсер едім. Бірақ Конституциядағы тұжырымдар өте қатаң», – деді Дональд Трамп.
Сондай-ақ ол қазіргі президенттік мерзімінің аяқталуына әлі екі жылдай уақыт бар екенін атап өтті. Трамптың пікірінше, осы кезеңде атқарылатын жұмыс әлі де көп.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Дональд Трамптың екінші президенттік мерзімі 2029 жылдың қаңтарында аяқталады. АҚШ Конституциясына 1951 жылы енгізілген 22-түзету бір адамның президент болып екі реттен артық сайлануына тыйым салады.
Айта кетейік, Трамп алғаш рет 2017–2021 жылдары АҚШ президенті болды. 2024 жылғы қарашада өткен сайлауда жеңіске жетіп, 2025 жылдың қаңтарында Ақ үйге қайта оралды. Осылайша, ол Конституцияда белгіленген екі мерзімдік шектеуге жетті.
Бұған дейін де Дональд Трамп президенттік өкілеттігін үшінші мерзімге ұзарту мүмкіндігі туралы бірнеше рет пікір білдірген. Дегенмен оның соңғы мәлімдемесі 2028 жылғы сайлауға ресми түрде қатысатынын білдірмейді.