Еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама адамның денсаулығына байланысты белгілі бір уақыт аралығында жұмысқа немесе оқуға бара алмайтынын растайды. Алайда бұл құжат әлеуметтік жәрдемақы алуға негіз болмайды.
Егер азаматқа еңбекке жарамсыздық кезеңі үшін әлеуметтік төлем қажет болса, ол анықтамамен емес, еңбекке уақытша жарамсыздық парағымен рәсімделуі керек. Бұл екі құжаттың мақсаты әртүрлі.
eGov Mobile арқылы анықтаманы қалай алуға болады?
Ол үшін мына әрекеттерді орындау қажет:
eGov Mobile қосымшасына авторизациядан өту;
«Мемлекеттік қызметтер» бөліміне кіру;
«Денсаулық сақтау» санатын таңдау;
«Еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама беру» қызметін ашу;
«Жалғастыру» батырмасын басып, қажетті мәліметтерді толтыру;
Өтінішке ЭЦҚ, SMS-пароль немесе eGov QR арқылы қол қою.
Өтініш жіберілгеннен кейін оның мәртебесін жеке кабинеттен бақылауға болады. Сондай-ақ eGov.kz порталында соңғы үш айда берілген қолжетімді еңбекке уақытша жарамсыздық анықтамаларын автоматты түрде іздеу мүмкіндігі қарастырылған.
Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі. Оны алу мерзімі 30 минуттан аспайды.
Дәрігерге бармай-ақ анықтама алуға бола ма?
Электронды өтініш беру мүмкіндігі болғанымен, адамның ауырғанын және еңбекке уақытша жарамсыз екенін қашықтан анықтау қарастырылмаған. Тиісті құжатты алу үшін азамат медициналық тексеруден өтуі керек. Оның нәтижесі бойынша дәрігер еңбекке жарамсыздықтың бар-жоғын анықтап, тиісті құжатты рәсімдейді.
Қажет болған жағдайда медициналық ұйымға жүгінуге немесе тиісті негіздер болған кезде дәрігерді үйге шақыруға болады.
Осылайша, электронды үкімет порталы медициналық құжаттарды алуға өтініш беру процесін жеңілдетіп, азаматтардың мемлекеттік қызметтерді пайдалануын оңтайландырады.